Қоғам

Астанада 45 градус аязға дайындық қалай жүріп жатыр?

Астана қаласындағы электр жүйелерінің жүктемесі 10 пайызға артады
Sputnik

АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Астаналық энергетиктер аязға байланысты тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің сайты

Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен қаланы энергетикамен қамтуға жауапты сала басшылары күннің суытуына орай энергетикалық кешеннің дайындығын тексеру мақсатында жиналыс өткізді. 

Елімізде 45 градусқа дейін аяз болады
Атап өтсек, қаланы электр энергиясымен үздіксіз  қамтамасыз етіп отырған қосалқы станциялар, соның ішінде "Шұбар" станциясы, "Астана РЭК" АҚ орталық диспетчерлік бөлімшесіндегі электр жүйесінің жұмысы тексерілді. 

Жиында  энергетикалық кешендердің басшылары дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндады. Күн тәртібінде тәулік бойы  кезекшілік қою, электр жүйелерінің жұмысын  10 пайызға, жедел бригада жұмысын екі есеге арттыру мәселелері қаралды. 

"Сондай-ақ, аяз кезінде жауапты мамандардың тәулік бойы кезекшілік жұмысының кестесі жасалып, ЖЭО-2 –нің дайындығы да тексерілді. Қазіргі уақытта қаламызда 30 тәулікке жететін көмір қоры мен 15 күнге жететін мазут отыны бар", — деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін синоптиктер елімізде 45 градусқа дейін аяз болатынын мәлімдеп, алты облыс пен Астана қаласында дабылды ескерту жариялаған еді.