Қоғам

Әуезов атындағы театр директорының ісі сотқа жіберілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл пара алмақ болды деп айыпталған
Sputnik

АСТАНА, 17 қаңтар — Sputnik. Мұхтар Әуезов атындағы драма театры директоры Ерлан Біләлге қатысты қылмыстық іс сотқа түсті.

Әуезов атындағы театр директоры Ерлан Біләлдің ісіне қатысты жаңа дерек шықты

"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 336-бабы 2-тармағында, 24-бабы 3-тармағында қарастырылған қылмыс жасады деп айыпталған Ерлан Біләлге қатысты қылмыстық іс түсті", — деп хабарлайды Алматы қалалық соты баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, 5 қаңтарда М.Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры жаңажылдық кезеңде театр базасында балаларға арналған мерекелік шараларды өткізуге жалға беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге көлемінде пара алмақ болғаны анықталды.

Ерлан Біләл кінәсін толық мойындауына байланысты ұсталған жоқ болатын.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын 2015 жылдың 27 сәуірінен бері басқарып келді.