АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының жолдауда айтқан сынынан қорытынды шығарып, барлық ведомствоны жұмыла әрекет етуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сағынтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың баяндамасынан кейін, президенттің жолдауда айтқан сынына тоқталды.
Сағынтаев цифрландыру бойынша барлық жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
"Мемлекет басшысы егер цифрландыру бағытында өз жұмыстарыңды мерзімінен бұрын аяқтасаңдар, онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша 2020 жылды күтпей, іске қоса беріңдер деп маған да айтқан болатын. МӘМС бұл бағыттағы жұмысты қашан аяқтайтынымызды күтіп отыр", — деді премьер-министр.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды.Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек", — деген еді президент.