Өңірлер

Алматы облысының тұрғынын жұмысқа бара жатқан жолда зорлап кеткен

Ұсталған адам қылмысты мойындап отыр. Қазір полиция оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 16 қаңтар — Sputnik. Алматы облысының полициясы ауыл тұрғынын зорлады деген күдікпен 41 жастағы ер адамды ұстады, қылмыс екі ай бұрын жасалған, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.   

Алматы тұрғыны жалғыз басты ананы зорлап өлтірген
Таратылған ақпаратқа сәйкес, 19 қараша күні таңертең Балпық би ауылында белгісіз ер адам облыс орталығына жұмысқа асығып бара жатқан 37 жастағы әйелді зорлаған. Екі баланы өсіріп отырған жалғыз басты ана полицияға арызданды.  

"Зорлықшы әйелді ұзақ уақыт аңдыған болса керек, таңғы бес пен алтының арасындағы уақытты және адам жүрмейтін орынды таңдап алған. Сондықтан оған ешкім көмекке келе алмаған", — деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Есеңгіреп қалған әйел тәртіп сақшыларына қылмыскердің қандай да бір сыртқы белгілерін айтып бере алмаған. Тек тырнақ егеуішпен зорлықшының қолын жарақаттағаны есінде қалған.

"Көксу аудандық полициясы шұғыл іздестіру шаралары барысында 41 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап отыр, сондай-ақ бірқатар сараптаманың нәтижесінде оның зорлауға қатысы бар екені анықталды. Тырнақ егеуіш пен әйелдің киімінде қалған қан ұсталған ер адамдікі екені анықталды" — деп атап өтті полициядағылар.

Сонымен қатар ер адамның отбасы жоқ екені, сол ауылдағы туыстарымен анда-санда хабарласып тұрғаны белгілі болды.