Экономика

Сағынтаев министрге: Қол астындағылардан анықтама талап еткенше, ақпаратты баста ұстау керек

2017 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйыммен толықты
Sputnik

АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жекешелендіру бойынша баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сағынтаев ұстаздардың жалақысын өсіру бойынша министрлікке тапсырма берді

Министр баяндамасында өткен жылы жекешелендіруден кейін тағы 168 жаңа компания пайда болғанын атап өтті. 

"2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жекешелендірудің кешенді жоспарының тізбесі 780 ұйымнан тұрады. Жұмыстың бірінші бағыты – мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын түгендеу қорытындысы, сондай-ақ үкіметтің жекелеген тапсырмасы бойынша жекешелендірудің кешенді жоспары 2017 жылы 168 ұйыммен толықтырылды. Сондай-ақ президенттің тапсырмалары және экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алынып тасталды", — деді министр Сүлейменов үкімет отырысында. 

Үкімет басшысы мүлікті түгендеу бойынша президентке есеп бергеннен кейін, жаңа нысандар неге пайда болып отырғанын сұрады. 

"Біз инвентаризация аяқталды, тапсырма орындалды деп Елбасының алдында есеп бердік. Ал енді сіз мүлікті түгендеуден кейін тағы 168 жаңа нысан пайда болды дейсіз. Сонда инвентаризацияның мәні не? Бір қолмен қысқартып, екінші қолмен көбейтіп жатырмыз. Неге жаңалары пайда болып жатыр? Бұлай жалғаса бере ме сонда?", —деп ашуланды премьер-министр. 

Ұлттық экономика министрі Сағынтаевтан мұның себептері бойынша қосымша анықтама беруге уақыт сұрады. 

"Тимур Мұратұлы, сіз бүгін баяндамамен келіп отырсыз. Қол астындағылардан анықтама талап еткенше, ақпаратты баста ұстау керек. Ешқандай бақылау жоқ, сондықтан жаңа нысандар пайда болып жатыр. Әркім ойына келгенін істеп жүр", — деді үкімет басшысы.