АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын отыз пайызға өсіру бойынша қажетті шараларды қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізіледі. Категориялар бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы берілетін болады. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандырады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі.
Бұдан бөлек, үкімет басшысы ТМД мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін зерделей отырып, оқушылардың жүктемесін төмендету бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырады.