Қоғам

Астанада ұландықтар құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарды

Әйелдің құдыққа түсіп кеткенін көрген жауынгерлер оны дер кезінде құтқарып алды
Sputnik

АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik. Астанада Ұлттық ұлан жауынгерлері құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға 10 қаңтар күні кешкі сағат 19.30 шамасында болған. Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі қызметтен кейін үйге бара жатып, Қорғалжын тас жолының бойында келе жатқан әйелдің  кенеттен шұңқырға түсіп кеткенін байқап қалады. Дереу көлікті тоқтатып, түскен бойда көмекке жүгіреді. 

Ұландықтар бес адамды өрттен құтқарды

"Шам жағып қарасақ, құдықтың тереңдігі 3-4 метрдей екен. Жомарт дереу көліктен арқан әкелді. Беліме байлап төменге түстім. Бізді байқаған кісілер де тағы бір жіп алып көмекке келіп жатты. Олардан дереу жедел жәрдем шақыруын өтіндік. Екінші арқанның көмегімен апайды бірінші жоғарыға шығарып жібердім. Елулер шамасындағы кісі екен, үсті малмандай су болыпты. Отбасы, бауырына да хабарласып айттық", — дейді ефрейтор Мақсат Аманқұл.

Ұлттық ұлан жауынгерлері Мақсат Аманқұл мен Жомарт Жексембаев

Сол күні Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толған болатын. Кәсіби мерекеде, қызметтен тыс уақытта қала тұрғынына қорған бола білген екі жауынгер аталмыш әскери бөлімде екі жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. 

Астанада мектептің маңында оқушы құдыққа түсіп кетті

Інісінің айтуы бойынша, Аққоян Төлепбергенованың денсаулығы дұрыс. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның ауыр жарақат алмағаны анықталды. Тек тереңдікке құлағаннан денесінің әр тұсына қан ұйып қалған. 

"Телефоным судан істемей қалыпты. Көмекке кімді, қалай шақырар едім? Құтқарып үлгеруші ме еді… Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сарбаздарға көп рахмет! Жолдары ашық болсын деп батамды берем, бар жақсылықты тілеймін", — дейді Аққоян Олжабайқызы дер кезінде қажетті жерден табылған ұландықтарға алғысын жаудырып.