АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Астана әкімдігі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын абай болуға шақырады, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, барынша көшеде абай болуларыңызды сұраймыз", — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берді. Бұрқасын жел болған жағдайда, далада қалған болсаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.
Атап айтқанда, құрылыс алаңдарынан ары жүріп, жарнама ілінген тақталардан сақтанып, электр сымдары мен ағаштардан айналып өту керек.
Төтенше жағдайлар департаменті кез келген жағдайда 112 нөміріне хабарласуын сұрайды.
Дәл қазір қаладағы барлық коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде.