Қоғам

Астанада жоғалған баланың анасы мән-жайды айтты

Қазір Руслан Раджаповты полицейлер іздестіріп жатыр
Sputnik

АСТАНА,  11 қаңтар – Sputnik. Астанада жоғалып кеткен 2 сынып оқушысы Руслан Раджаповтың анасы мән-жайды айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Астанада мектеп оқушысы боранда жоғалып кетті
"Таңертең киініп алып, лифтіден түсіріп жібер деп әкесін оятты. Сағат нешеде екенін білмеймін. Әкесі боранға байланысты мектепте сабақ болмайтынын айтып, шешініп ұйықта деген. Өзі қайтадан жатып көзі ілініп кеткен. Алайда ұлым тыңдамай үйден шығып кетті. Сағат 07:12-де мұғаліміне хабарластық. Баламның мектепке келмегенін айтты. Сабағы 08:30-да басталады. Сыныптастарына, достарына хабарласып шықты. Ешкім ештеңе білмейді, көрмеген. Бірден полицияға хабар бердік", — деп жылады оқушының анасы Гулфуза Раджапова. 

Айтуынша, баланың үстінде қара куртка, көк түсті бас киім және көк түсті сөмкесі болған. Ұялы телефоны сынып қалған екен, сондықтан телефоны жоқ. 78-ші мектеп үйден қатты алыс болмағандықтан, кейде автобуспен, кейде жаяу барады екен. 

Бүгін елордада ақтүтек боранда 2 сынып оқушысы Руслан Раджапов жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Қазір баланы полицейлер іздестіріп жатыр.