АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Астанада соңғы күндері қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті. Кеше тәулік ішінде қаладан 34 мың текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Жолдарды тазалау және қар шығару жұмыстарына 1345 техника, соның ішінде Алматы ауданында 557, Сарыарқа ауданында 343 және Есіл ауданында 445 техника тартылды. Атап айтқанда, сыпыру-жинау машиналары, тротуар жинайтын машиналар, шнекороторлық техника, құмтөсегіштер, автогрейдерлер, қар тиегіштер, фронталдық тиегіштер және самосвалдар.
Бұдан басқа, қарды қолмен жинауға 1888 жол қызметкері: Алматы ауданы бойынша 845, Сарыарқа ауданы бойынша 560 және Есіл ауданында 483 жұмыскер тартылды.
Айта кетейік, жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері қар шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.