Оқиға

Солтүстік Қазақстанда өртке оранған үйде қарт әйел немерелерімен қалып қойған

Алты пәтерлердің біріндегі өрт қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан шыққан
Sputnik

АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы Степное ауылында көршілері екі кішкентай бала мен қарт әйелді өрттен құтқарды, деп хабарлайды өңірдің Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.

Ведомство баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт алты пәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен шыққан.

Полиция жыраға түсіп кеткен автобус жолаушыларын құтқарды

"Көрші тұратын 30 жастағы Иван Котов аулада жұмыс істеп жүріп, көрші пәтердің есігінен шыққан түтінді байқап қалып, жүгіріп барып ашады. Қалың түтіннен үйдің ішіне кіре алмаған ол бірден өрт сөндіру қызметін көмекке шақырған. Кейін көршілердің бірі 37 жастағы Азамат Рамазанов жүгіріп келеді. Екеуі де үйде адамдар барын білген", — деп хабарлайды ведомство.

Терезені шағып, өртке оранған пәтерге кірген Иван тұрғындарды іздей бастайды.

Ол пәтерден түтінге тұншығып бара жатқан қарт әйел мен екі және үш жастағы екі сәбиді құтқарып алған. 1954 жылы туған әйел зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Ал немерелерін, абырой болғанда, күйік шалмаған.

Өртке себеп қауіпсіздік техникасын сақтамау болған.