Қоғам

Назарбаев аграрлық университеттердің рөлін қайта қарауды тапсырды

Аграрлық университеттер диплом беріп қана қоймай, нақты жұмыс істейтін маман даярлауы тиіс
Sputnik

АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу үшін аграрлық ғылымды дамыту қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының рөлін қайта қарау керек. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды", — деді Елбасы.

Елбасы өзінің тапсырмасына атүсті қараған еңбек министрлігін сынға алды
Мемлекет басшысы осы орайда аграрлық оқу орындарының негізгі міндетіне тоқталды. 

"Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол, ең алдымен, жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс", — деп атап өтті президент.

Назарбаевтың айтуынша, аграрлық жоғары оқу орындары оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуы тиіс. 

"Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді", — деді президент.

Елбасы ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керектігін айтты.

Сондай-ақ, мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.

Президент халық денсаулығы кодексінің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды
"Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын "Қазақстанда жасалған" табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді", — деді Назарбаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы жерді тиімді игере алмайтындарға шара қолдану қажеттігін атап өтті.

"Жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет", — деді Елбасы. 

Президент 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.