АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2030 жылы баспанамен қамту көрсеткішін қазіргі 21,6 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырды. Бұл туралы Елбасы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жолдауында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды баспанамен қамту көрсеткішін 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырды.
Назарбаевтың айтуынша, бұл міндетті орындау үшін құрылысқа заманауи технологиялар енгізу өте маңызды. Құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.
"Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығы мен энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады", — деді президент.