АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев "қоғам идеалы" болу үшін қазақстандықтың қандай қасиет-қабілеттері болуы тиіс екенін айтты.
"Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. "Рухани жаңғырудың" мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс", — деді Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында.
Президент мемлекеттің жастарға алғашқы мамандықты беретінін, үкімет бұл міндетті орындауға тиіс екенін айтты.
"Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек", — дейді президент.
Бұдан бөлек, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс.
"Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек.Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет", — деп тапсырды мемлекет басшысы.