Қоғам

Назарбаев мұғалімдердің жалақысы қанша пайызға өсетінін айтты

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы ертең жарияланады
Sputnik

АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық арналардан жасаған мәлімдемесінде жалақы мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасының Қазақстан халқына жолдауы сәрсенбі жарияланады

Назарбаев биылғы Жолдауда жүзеге асырылуы тиіс 10 міндет айқындалғанын атап өтті. Ондағы жетінші міндет адам капиталының жаңа сапасына қатысты.

"Білім жүйесінің барлық деңгейі қазіргі заман талаптарына, экономика қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс. Мұғалім мамандығының беделін көтеру керек. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану арқылы аурудың алдын алу мен оны емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызметтің сапасын көтеру қажет. 2016 және 2017 жылдары әлеуметтік төлемдер мемлекет тарапынан үш рет көтерілді. Соның ішінде базалық зейнетақы 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға дейін, білім беру 29 пайызға дейін, мемлекеттік қызметкерлердікі 30 пайызға өсті. Өткен жылы қызметкерлердің жалақысы өте жақсы көбейді. Мұны қазір бәрі ұмыта бастады, алайда бұл былтыр ғана болған дүние. Бұл үрдіс биыл да жалғасады", — деді президент.  

Елбасының айтуынша, осы жылы бюджеттің әллеуметтік салаға шығындары 12%-ға ұлғайып, 4 триллион теңгеден асады. 

"Базалық зейнетақы еңбек өтілін есепке ала отырып орташа есеппен 1,8 есеге ұлғаяды. Оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұны аясында қайтадан оқыған мұғалімдердің лауазымдық жалақысы дәлелденген біліктілігіне байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі", — деді Назарбаев.