Өңірлер

Павлодарлық жігіт "сүйіктісіне" үйлену тойына кредит алғызып, қашып кеткен

Полиция Екібастұз қаласы Қоянды ауылының тумасы Салық Қағбатолла Қабдоллаұлын (Каба) іздестіріп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. Екібастұзда жас қыздарды үйлену тойына несие алуға көндіріп, кейін ақшамен қашып кеткен алаяқ іздестірілуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратынша, Екібастұз қаласы ІІБ-ге бойжеткен жүгініп, 24 жастағы жігіттің үстінен шағымданған. Айтуынша, жас жігіт оны алдап, несие рәсімдеуге көндіріп, ақыр соңында ақшасы мен ұялы телефонын ұрлап қашып кеткен. 

Шымкентте алты адамды тақырға отырғызған алаяқ Астанада ұсталды
"Алданған қыздардың біреуі күдіктімен 2017 жылы желтоқсан айының соңында әлеуметтік желі арқылы танысқан. Қыздың мекенжайын біліп алғаннан кейін жас жігіт үйіне қонаққа келіп, шай үстінде ойдан құрастырып анасына қатысты "қайғылы оқиға" жайлы айтып береді. Сосын қолайлы сәтті пайдаланып, қыздың ақшасын мен құнды заттарын ұрлап, қашып кеткен", — деп мәлімдеді баспасөз қызметінен. 

Күдікті екінші қызбен де әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жақын араласа бастағаннан кейін жігіт "сүйіктісіне" тұрмысқа шығуға ұсыныс білдіріп, үйлену тойына кредит алуға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен.  

Несие сомасы – 200 мың теңге. Күдіктінің тұрғылықты жерін білетіндер немесе оның іс-әрекетінен жапа шеккендер болса, Екібастұз қаласы ІІБ кезекші бөлімінің 102, 8 (7187) 75-06-06 нөміріне хабарласуға, сондай-ақ  +77077004056 whatsapp нөміріне хабарлама қалдыруға болады.