АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. Екібастұзда жас қыздарды үйлену тойына несие алуға көндіріп, кейін ақшамен қашып кеткен алаяқ іздестірілуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратынша, Екібастұз қаласы ІІБ-ге бойжеткен жүгініп, 24 жастағы жігіттің үстінен шағымданған. Айтуынша, жас жігіт оны алдап, несие рәсімдеуге көндіріп, ақыр соңында ақшасы мен ұялы телефонын ұрлап қашып кеткен.
Күдікті екінші қызбен де әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жақын араласа бастағаннан кейін жігіт "сүйіктісіне" тұрмысқа шығуға ұсыныс білдіріп, үйлену тойына кредит алуға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен.
Несие сомасы – 200 мың теңге. Күдіктінің тұрғылықты жерін білетіндер немесе оның іс-әрекетінен жапа шеккендер болса, Екібастұз қаласы ІІБ кезекші бөлімінің 102, 8 (7187) 75-06-06 нөміріне хабарласуға, сондай-ақ +77077004056 whatsapp нөміріне хабарлама қалдыруға болады.