Әлем

Түрмеде өлді деп саналған тұтқын мәйітханада көзін ашты

Ер адамды абақтыда істейтін үш дәрігер тексерді
Sputnik

АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. Испания түрмесінде дәрігерлер өлді деп санаған тұтқын аурухана мәйітханасында көзін ашты, деп хабарлайды ВВС

Гонсало Монтойя Хименес Испанияның солтүстігіндегі Астурия провинциясында жазасын өтеп жатқан. Түрмеде істейтін үш дәрігер тұтқынды тексеріп, оның қайтыс болғанын мәлімдеген. Содан кейін өлім себебін анықтау үшін мәйітті Овьедо қаласындағы сот медицинасы институтының мәйітханасына жеткізуді бұйырған. 

Елорда оқушылары "мәйітханаға" экскурсияға барған
Мәйітті союға бірнеше сағат қалғанда ер адам есін жиды. 

Отбасы мүшелерінің айтуынша, Хименестің денесінде аутопсия (мәйітті сою) алдында жағылатын белгілер болған. "Сот-медициналық сарапшылар мәйітті союға дайындады", — дейді туысқандары. 

Қазір ол дәрігерлердің бақылауымен Овьедо қаласында интенсивті терапия бөлімінде жатыр. 

Болжам бойынша Хименесте каталепсия ауруы (дененің жансыздануы) болған. Каталепсия кезінде өмірлік маңызды функциялар баяулап, кейде адам өлі сияқты көрінеді. 

Бірақ әзірге диагноз ресми түрде расталмады.