АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Астана жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов биыл автобус паркін жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Игенбердиновтің айтуынша, жолаушылар басқармасы халық көп жүретін уақытта үнемі толып жүретін автобустарда адам санын азайту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Басқарма басшысы биыл елорданың автобус паркін жаңарту жоспарланып отырғанын атап өтті. Жаңа көлік сатып аларда басымдық көп сиятын ұзын автобустарға берілмек.
"Өткен жылы 380 жаңа автобус сатып алдық, биыл да автобус паркін жаңарту жоспарланып отыр. Осы жылы қанша қоғамдық көлік сатып алатынымызды бюджетке қарай есептейміз. Әзірге сомасы белгісіз. Биыл жаңа көлік сатып аларда "гармошка" автобустарға басымдық беріледі. Қазір бұл бағытта автобус парктерінің басшылығымен жұмыс жүргізілуде", — деді ол.