АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық шекарашылар бірнеше тонна халықтық тұтыну тауарлары мен ойыншықтар салынған автокөліктерді шекарадан өткізбей қойды. Жүк тиелген көліктер Ресейге бет алған, деп хабарлайды ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпаратынша, Қостанай шекара отрядының "Қайрақ авто" өткізу бекетінің шекарашылары 18 тонна халықтық тұтыну тауарларының жолын кескен. Тауарлар арасында киім-кешек, гигиена заттары мен сегіз тонна жұмсақ ойыншық бар.
Халықтық тұтыну тауарлары Mercedes жүк көлігін тексеру барысында табылды. Қазақстаннан Ресейге бет алған көлікті 60 жастағы қазақстандық айдаған.
Сондай-ақ, дәл осы күні шекара арқылы еш құжатсыз жұмсақ ойыншықтар алып өтпек болған Қазақстан азаматы ұсталды. 37 жастағы жүргізуші Scania автокөлігін тізгіндеген.
Аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдарына хабар берілді.