АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық продюсер Жан Мұқанов Телеграм-каналында әнші Төреғали Төреәлімен арадағы кикілжің туралы айтып берді.
"Екеуіміз о баста келіскен болатынбыз: бар мәселе арамызда ғана қалады. Бірақ соңғы кездері алып-қашпа әңгімелер мен екеуіміздің ортақ танысымыздың айтуына қарағанда, ол сөзінде тұрмай, мені, өз "ағасын" жамандап жүр, үндемеген сайын, жұрт оған сене бастапты. Бірақ оның сөзі жалған! Мен біраз жұмсартып, көңілге келетін ауыр сөз айтпай түсіндіріп көрейін", — деп жазды продюсер.
Екеуінің арасындағы ақша үшін кикілжің қазан айында басталыпты. Сол кезде жоспарланған бес концертке барлығы 15 мың билеттің 4 мыңы ғана сатылып, Мұқанов шығынның орнын толтыру үшін қарыз алуға мәжбүр болған.
Концерттен кейін ақшаны қайтару үшін біраз жұмыс істеу керектігін естігенде, Төреғали былай деп жауап беріпті: "Жоқ. Бұл сенің проблемаң, Жан. Мен концерттен кейін ештеңе істемеймін. Билеттер сатылмаса, дұрыс жарнамаламаған өзің кінәлісің. Менің қатысым жоқ".
Продюсер сол кезде билеттен түскен ақшаны сұрауға бел буады. Ол атап өткендей, 1500-нан астам билетті Төреғалидің әкесі алыпты.
"Ақша жетпей жатты. Содан соң әкесінің билеттерді жарты бағаға сатып жүргені туралы да сыбыс тарады. Бірақ ол кезде ешкімге де сенім қалмаған еді. Әйтеуір, ақша жоқ, таба алмаймын деді. Түсіндікті. Бәрін өзім шешуім керек болды. Концерттерінің жартысы өтіп кеткен, артқа қайтатын жол жоқ. Абырой маңызды болды", — дейді продюсер.
Мұқанов жазбасында Төреғалидің үйлену тойы PR үшін өткізілгенін мойындады. Сонымен қатар, әндердің авторлары – Қайнар Алагөзов, Құрал Молжанов пен Аян Сейітовтер жұмысы үшін өте аз ақша алатынын да жасырмады.
"Қазір өз-өзіме келіп, өкіне бермей, алға жүру керектігін түсіндім. Бірақ бұдан былай қанша төлесе де, бірігіп жұмыс істемеспін. Өкпе-ренішім жоқ, бәрі допингтің кесірі, допинг түбіне жетейін деді. Мұны доғармайынша, ештеңе де шықпайды. Бәрі бір, есін жиып, атқарылған шаруаны қайта қолға алады деп сенемін! Табан ет, маңдай термен жинаған ақша, қаншама қажыр-қайрат жұмсалды. Есіңді жи, Төреғали! Бар қызығың алда емес пе! Небәрі 25-тесің", — деп сөзін аяқтады продюсер.