Әлем

Қытайлық миллионер үш жыл бойы көшедегі қоқысты жинап келеді

Бизнесмен аула сыпырушының мақсаты – қытайлықтарға қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын түсіндіру
Sputnik

АСТАНА, 7 қаңтар – Sputnik. Қытайда 51 жастағы бизнесмен үш жыл бойы күн сайын көшеде қоқыс жинайды. Миллионер-аула сыпырушы осылайша өзгелерді тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады. 

Британиялық миллионер отбасымен бірге әуе апатынан көз жұмды
Жылжымайтын мүлік, өндіріс және автокөлік сату саласында жұмыс істейтін бизнесмен үш жыл бойы көше сыпырып, қоқыс тазалап келеді. Чунцин қаласында тұратын кәсіпкердің мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіру. 

Чжун Цунжун қытайлар арасында "миллионер-аула сыпырушы" ретінде танымал. Дәулетті қытайлықтың күн сайын көшеге шығып, қоқыс жинау әдеті басқа адамдардың назарын аударды: көбісі бизнесменнің шынайылығына күмәнмен қарайды, Чжунды өз-өзін жақсы қырынан көрсетіп, жарнамалап жүр деп айыптайды. Дегенмен, миллионер-аула сыпырушы ниеті түзу екенін, адамды тұрмысына, әл-ауқатына қарап кінәлауға болмайтынын айтады, деп жазады magazeta.com. 

"Көшеде қоқыс тастау – сенің біліміңе, жасыңа, тегіңе немесе әлеуметтік-экономикалық мәртебеңе байланысты емес", — дейді Чжун. 

Чунциндік бизнесменнің күн сайын көше жинауына Цинхуа университеті профессорының әңгімесі түрткі болған. Профессор зейнетке шыққаннан кейін төрт жыл бойы жағажайдағы қоқысты жинаумен айналысыпты. Мұны естіген Чжун демалыстан оралған соң, қоршаған ортаның тазалығымен айналысуға бел буады. Ол тіпті жақын маңдағы мейрамханаларға кіріп, төңіректі таза ұстау маңызын түсіндіретін болған. 

Чжун қол астындағы қызметкерлерін де өзінен үлгі алуға шақырады. Кәсіпорын қызметкерлеріне рұқсат етілмеген жерге қоқыс лақтырса,10 юань ($1,5) айыппұл салынады екен. Бизнесменнің пікірінше, қоқыс проблемасын бір сәтте шешіп тастау мүмкін емес: нәтижеге қол жеткізу үшін пәрменді шаралар қабылдау керек. 

Чжунның әйелі мен балалары басында отағасының бұл қылығынан ұялыпты. Тіпті олар жұрт алдына онымен бірге шығудан бас тартқан. Алайда уақыт өте өздері тұратын ауданда тазалық орнай бастағанына көздері жетіп, көзқарастары өзгерген. Көршілері де бизнесменді мақтай бастаған. Қазір Чжунның әйелі де күйеуімен бірге қоқыс жинауға шығады.