АСТАНА, 2 қаңтар — Sputnik. WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы бұрынғы уақытша әлем чемпионы Мартин Мюррей (36-4-1, 17 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) қалай жұдырықтасқанын еске түсірді, деп хабарлайды Sports.kz.
— Головкин алғашқы соққысын жасағанда жеңуге болады екен деп ойладым. Алайда ол маған үздіксіз қысым жасады. GGG-дің соққысы қай жақтан жасалып жатқанын білмедім. Бір кезде қауіпсіз қашықтықта тұрмын деп есептеп, ауыр соққыны өткізіп алдым. Жойқын болғаны соншалық, толғатып жатқандай күйге түстім. Тұтас денемді шаншып өтті, — дейді Мюррей Box Nation арнасына берген сұхбатында.
Британ телеарнасының твиттері бұл сұхбат 2017 жылы ең көп көрілген видео болғанын жариялады, ол 275 444 рет қаралған.
Головкин — Мюррей жекпе-жегі 2015 жылдың 21 ақпанында Монте-Карлода (Монако) өтті. Қазақстандық боксшы он бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.