НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей және АҚШ президенттері Владимир Путин мен Джо Байденнің Женевадағы саммитінен кейін Вашингтоннан келіп жатқан мәлімдемелер екі көшбасшының кездесуі кезіндегіден өзгеше екенін мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
Лавровтың айтуынша, Путин бұл бағыттар бойынша нәтижеге екі тарап та ортақ мәмілеге келген жағдайда ғана қол жеткізуге болатынын ескерткенде, америкалық тарап еш қарсылық танытпаған. Алайда ресми кездесу аяқтала салысымен АҚШ саммит нәтижесі бойынша "Мәскеуге талап қойдық", "егер бірнеше айда бұл орындалмаса..." деген сыңайдағы мәлімдеме таратып жатыр. Соның салдарынан Еуропадағы бірқатар мемлекет Ресей өз "тәртібін түзесе" ғана ынтымақтастық орнатамыз дегенді айтуда.
Ресейдің сыртқы істер министрі атап өткендей, маусымда өткен НАТО мен G7 саммиті АҚШ-тың әркез тек өз дегенімен жүретінін және Ресей мен Қытайды өз бағытына қарай бұруға үнемі ұмтылатынын көрсеткен. Бірақ саммиттердің қорытынды құжаттарында "ережеге сүйенген әлемдегі бейбітшілік" тұжырымдамасын ілгерілету бекітілген.
"Батыс ережесінде нақтылық жоқ. Сондықтан өзіне қарсы келген тараптың кез келгенін "ереже бұзды" деген айптаумен қаралап, жаза қарастыра алады. Өйткені нақтылығы жоқ ережені өз ыңғайыңа қарай бұрмалау оңай", - дейді Лавров.
Ресей министрінің айтуынша, Франция мен Германияның "Ресей – Еуроодақ" саммитін өткізу туралы идеясы қолдау таппауына Еуропадағы русофобиялық ұстаным әсер етіп отыр.
"Еуроодақтың саясаты осы русофобиялық азшылықтың көзқарасына көп елеңдеп отырғаны байқалады. Мұны 24-25 маусымда Брюссельде өткен ЕО саммиті дәлелдеп тұр. Себебі Меркель мен Макронның Путинмен кездесу ұйымдастыру туралы идеясы ешқандай қолдау таппады", - деп жазды Лавров.