04:28 17 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD425.63
  • EUR515.99
  • RUB5.92
Ресейде
Қысқа сілтеме алу
125 0 0

НАТО саммиті мен АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөздер қарсаңында Ресей президенті берген сұхбаттың басты мәселесі Украинаға қатысты болды

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik.Sputnik, Никита Чикунов, Мария Науменко. Сарапшылардың пікірінше, ресейлік көшбасшы киевтік билік пен НАТО үшін "қызыл шекті" белгіледі.

Украинаның Солтүстікатланттикалық альянсқа мүше болуы Ресейдің жеке қауіпсіздігіне қауіп төндіретін белгі болады. Ресей президенті Владимир Путин "Россия 1" телеарнасына берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

Ресейлік көшбасшы Польша мен Румынияның НАТО-ға қосылуы осы екі елде соққы жасаушы кешен ретінде қолдануға болатын америкалық зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін (ЗҚЖ) орнатумен аяқталғанын еске салды. Мұндай жағдайда зымырандардың Мәскеуге дейін ұшу уақыты небәрі 15 минутты құрайды.

"Украина НАТО-ға мүше болды деп елестетейік. Сонда Харьковтан немесе Днепропетровскіден (декоммунизациялау аясында қала атауы Днепр деп өзгертілді – ред.) Ресейдің Орталығына, Мәскеуге дейінші ұшу уақыты 7-10 минутқа қысқарады. Бұл біз үшін "қызыл шекті" білдіре ме, жоқ па?", - деп сауалмен жауап берді ол.

Владимир Путин Украина альянсқа мүше болмайтынына бүгінде ешқандай кепіл жоқ екенін айтты. Ол НАТО-ның кеңею процесі Ресей мен Батыстың қарым-қатынасының салқындауына немесе жібуіне тәуелді емес екенін еске салды.

"Бұл Қырым жоқ кезде де, Украинадағы мемлекеттік төңкерістен кейінгі ешқандай оқиғалар болмаған кезде де іске асып жатты. Ресей мен ұжымдық Батыс, АҚШ арасындағы қарым-қатынас түзу әрі оң сипатта, тіпті серіктестік бағытында болатын. Алайда біздегі алаңдаушылықты ешкім ескерген жоқ", - деді президент.

Ресейлік көшбасшы НАТО мен ұйымға мүше болуға асыққан Украинаға өз қауіпсіздігін сәйкес үлгіде қалыптастыратын Мәскеудің реакциясы жайлы ұмытпауға кеңес берді.

Владимир Путин АҚШ президенті Джо Байденнің Украина көшбасшысымен сөйлесу барысында Украинаның альянсқа қосылу туралы сөзін Киев дұрыс түсінбеуіне қатысты Ақ үйдің мәлімдемесі жайына да тоқталды.

"Олар не жайлы сөйлесті? Не жайында келісімге келді? Біз оны білмейміз. Алайда мұхиттың арғы жағынан жетіп жатқан мәлімдеменің барлығын ескеру керекпіз. Ескере отырып, қауіпсіздік саласында өз әріптестерімізбен қарым-қатынас орната білуіміз қажет", - деді РФ басшысы.

Әскери сарапшы Алексей Леонковтың пікірінше, Владимир Путиннің бұл сөзі Батысқа ой салуы керек.

"Мәскеу енді НАТО әрекеттеріне үнсіз қарап отыра бермейді. Ол уақыт өтті. Енді шегінетін жер қалмады. Себебі бұл мәселе еліміздің тәуелсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл жағдай қызыл шекке дейін жетті. Путиннің сөздерін ескерту ретінде қабылдаған дұрыс", - деп санайды Леонков.

Ресей президенті өз сұхбатында Украинаның Солтүстікатлантикалық альянсқа мүше болуына қатысты мәлімдемелерді бос сөз деп санамайтынын айтты. Ұйымның Киев есебінен кеңею ықтималдылығы бар, деп санайды ТМД елдері институты басшысының орынбасары Владимир Жарихин.

"Басты қауіп альянс емес. Мәселе Украинаға қауіпсіздік бойынша ешбір кепілдік ұсынбастан ұйымға кіргізуді көздеуде болып отыр. Бұл жағдайда Киев Путин айтқандай, америкалық плацдармға айналады", - деп түсіндірді ол.

Украинаны НАТО құрамына қабылдау альянс пен Ресей қарым-қатынасындағы шиеленістің үдеуіне алып келеді. Алексей Леонковтың айтуынша, Батыс тікелей бағытталған әскери қақтығыс ұйымдастыруды көздеп отырған жоқ.

"Киев Ресеймен қақтығыс жайлы көп айтады. Білсеңіздер, НАТО-да Вашингтон шарты бар. Бұл құжаттың бесінші тармағы ұйым мүшелерінің біріне шабуыл жасаған мемлекетке қарсы жауапты әскери әрекетті қарастырады. Ендеше Украина альянсқа мүше болса, НАТО да бұл текетіреске араласуға мәжбүр болады. Ал мұны ешкім қалап отырған жоқ", - дейді маман.

Саяси аналитик Ростислав Ищенко Украина есебінен альянстың кеңеюінен болатын жағымсыз әсер жетерлік деп санайды.

"Украинаны қабылдау үшін түрлі оқиғалар сәйкестік табуы керек. Осы идеяны жақтаушылар кемінде бір уақытта АҚШ, Франция, Германия билігіне келуі керек (бұл екі ел 2008 жылы Украина мен Грузияға НАТО-ға мүше болу жөніндегі әс-әрекеттер жоспарын ұсынуды бұғаттап тастады - ред.)", - деп түсіндірді ол.

Саясаттанушының пікірінше, Вашингтон шартында аймақтық текетірес мәселесі шешілмеген елдерді альянсқа мүше етуге тыйым салатын ереже жоқ. НАТО-ға 1952 жылы мүше болған Түркия мен Греция арасында Эгей теңізіндегі аралдарға иелік ету бойынша дау-дамай әлі де жалғасып келеді.

Ресей президенті қозғаған кезекті мәселе "Украинаның байырғы халқы туралы" заң жобасына қатысты болды. Бұл құжатты осы жылдың мамырында Владимир Зеленский Жоғарғы раданың қарауына енгізген болатын.

Құжатқа сәйкес, Украина аумағынан тыс мемлекеттік құрылымы жоқ қауымдастықтар, мысалы, Қырым татарлары, қарайымдар мен қырымшақтар байырғы халыққа жатқызылады. 2001 жылғы санақ бойынша халықтың 17,2%-ін құрайтын орыстар бұл тізімге кірмейді.

Владимир Путин украин әріптесінің бұл бастамасын орыс халқына жасалған үлкен соққы деп атап, бір мемлекет ішіндегі халықты жік-жікке бөлу нацистік Германияны еске салатынын айтты.

"Тіл немесе басқа да сипаты бойынша кемсітушілікті айтпағанда, ешкім де екінші сұрыпты адам болғысы келмейді. Бұл миллиондаған адамның қоныс аударуына немесе өздерін құжатта басқа ұлт ретінде көрсетуге алып келеді", - деді ол.

Саяси шолушы Александр Асафов Зеленскийдің заң жобасы Украинадағы орыстардың құқықтарын шектейтін кезекті құжаттарды қабылдауға негіз болады деп санайды.

"Бұл актілер қазірдің өзінде әзірленіп қоюы мүмкін. Олар ең алдымен мемлекеттік қызметке қатысты болады. Орыстарға бұл салаға жол жоқ. Одан кейін негізгі құқықтар бойынша шектеу енгізіледі", - деді сарапшы.

РФ президенті жанындағы ұлтаралық қарым-қатынас жөніндегі кеңес мүшесі Богдан Безпалько заң жобасын қабылдау Украинадағы орыс қауымдастығын жою процесін үдетеді деп санайды.

"Бұл құжат өздерін орыс деп санайтындарды автоматты түрде байырғы халық санатынан шығарып тастайды. Бұл құқықтардың тапталуын және оны қорғау мүмкіндігінің төмендігін білдіреді. Мемлекет ол адамдардан теріс айналып отыр. Бұл Украинадағы орыс қауымдастығын жою процесін үдетеді. Орыстар мен украиндер арасында этникалық та, антропологиялық та, мәдени де, ділдік те айырмашылық жоқ. Тек кеңес заманында сәйкестендіру бойынша адамдарға міндеттелген саяси айырмашылық қана бар", - деп жалғастырды ол.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, мұндай заңдар орыс тілді азаматтарды Украинадан кетуге мәжбүрлейді.

Загрузка...

Басты тақырып