Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды
07:00 29.11.2026 (жаңартылды: 07:37 29.11.2026)

© ЖИ көмегімен жасалды
Жазылу
Сайлау қорытындысы бойынша барлығы 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Қазақстанда мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Sputnik Қазақстан дауыс беруге қатысты заңның негізгі нормаларын ұсынады.
Үміткерлердің саны 10 мың адамнан асады
Бүгін барлығы 10 971 үміткер сайлауға түседі. Олардың басым бөлігі бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша өз кандидатурасын ұсынды:
9 752 бірмандатты аумақтық сайлау округтерінен ұсынылған үміткерлер;
1 219 партиялық тізіммен ұсынылған үміткерлер.
Бірақ ірі қалаларда партиялық тізіммен сайлауға түсіп жатқан кандидаттар көп. Мәселен, Алматыда бірмандатты аумақтық сайлау округтерінен 83 үміткер шықса, партиялық тізіммен 121 кандидат тіркелген.
Мәслихатттарға қанша депутат өтеді
Сайлаудың нәтижесі бойынша барлығы 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады:
20 облыстық мәслихатқа – 668 мандат;
38 қалалық мәслихатқа – 626 мандат;
170 аудандық мәслихатқа – 2 153 мандат.
Мәселен, Астана қаласының мәслихатына 34 депутат сайланады.
Кімдер депутат бола алады
20 жасқа толған Қазақстан азаматы мәслихат депутаттығына кандидат бола алады. Ол үшін міндетті түрде саяси партияның мүшесі болу шарт емес.
Саяси партиялар өз кандидаттарын партиялық тізімге енгізе алады, я болмаса, бірмандатты округтер бойынша ұсынады. Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық бірлестіктер де кандидат ұсынуға құқылы. Сонымен қатар азаматтар бірмандатты округ бойынша өз кандидатурасын ұсына алады.
Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.
Сайлауда бірнеше бюллетень болады
2023 жылғы мәслихат сайлауында үш бюллетень болған. Біреуінде партиялық тізімдер таңдалса, екіншісінде өзі-өзі ұсынған кандидатарға дауыс берілген болатын. Ал облыс тұрғындарына үшінші бюллетень таратылды. Себебі ол жерде облыстық мәслихаттан бөлек қалалық және аудандық мәслихаттар бар.
Осы жолы төрт бюллетень болады. Олар:
Көгілдір бюллетень – Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының партиялық тізімдер бойынша сайлауына арналған бюллетень;
Жасыл бюллетень – Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетень;
Күлгін бюллетень – облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетень;
Қызғылт сары бюллетень – облыстық маңызы бар аудандар мәслихаттарының бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетень.
Мәселен, Астанада сайлаушыларға екі бюллетень – көгілдір және жасыл беріледі. Екеуінде де "Барлығына қарсы" деген нұсқа қарастырылған.
Партиялардың кезегі қандай
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының отырысында өткізілген жеребе нәтижесінде дауыс беру бюллетеньдеріндегі саяси партиялардың орналасу реті анықталған болатын:
"Ауыл" партиясы;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
Қазақстанның Халық партиясы;
Respublica партиясы;
"Ақ жол" демократиялық партиясы;
Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы;
"Әділет" партиясы.
Партиялық тізімнен бөлек бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған үміткерлер бар. Олардың аты-жөні бөлек бюллетеньде жазылады.
Дауыс қалай беріледі
Партиялық тізімдер көрсетілген бюллетеньде нақты бір саяси ұйымды таңдау керек. Ал бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньде үміткердің аты-жөніне қарсы белгі қою қажет.
Бюллетень жарамсыз деп есептелетін жағдайлар:
белгіленбеген үлгідегі;
тиісті сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған;
бірден көп саяси партия белгіленген;
белгі қарындашпен қойылған болса;
бюллетеньде өшіру немесе өзге де қолдан жасау іздері болса;
сайлаушының ерік-жігерін анықтау мүмкін болмаса.
Дауыс қалай саналады
Сайлау нәтижесі бес күннің ішінде жариялануы шарт.
"Егер сайлау бюллетенiне мәслихат депутаттығына екеуден көп кандидат енгiзiлген болса және олардың бiрде-бiрi сайланбаса, округтiк сайлау комиссиясы ең көп дауыс санын алған екi кандидат бойынша депутатты сайлау жөніндегі қайта дауыс беруді тағайындайды. Егер кандидатуралардың шығып қалуы нәтижесiнде бiр кандидат қалса, онда оның кандидатурасы бойынша қайта дауыс беру өткiзiлмейді және ол сайланды деп есептеледі", - делінген заңда.
Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беруді қайта өткізе алады.
Мәслихаттар не істейді
Конституция бойынша мәслихат депутаттары жергілікті халықтың ерік-мүддесін білдіріп, соны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды.
Депутаттың өкілеттіліктері:
аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;
заңға сәйкес азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Сондай-ақ, президент облыс пен республикалық маңызы бар қала əкімдерін мəслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Сайлау неге кезектен тыс белгіленді
Бұған дейін Тоқаев мәслихат депутаттарының сайлауын не үшін өткізу қажеттігін түсіндірген.
"Депутаттардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды", - деді Тоқаев Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.
Осыдан кейін президент премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жайында кеңесіп, тиісті жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен мәслихаттар депутаттарының сайлауы 29 қарашаға белгіленді.