Алматыда Санжар Боқаев 10 жылға сотталды

© AP Photo/Thomas Kienzle/POOLСудейский молоток.
Судейский молоток. - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.11.2026
Жазылу
Оның жиені 6 жыл 6 айға сотталса, тағы бір айыпталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы кесілді
АЛМАТЫ, 27 қараша – Sputnik. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сонымен қатар оған 10 жыл бойы БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот Боқаевты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық пен ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп таныды.

42,2 млн теңгені жымқырған

Сот мәліметінше, 2018 жылы "ҚазТрансГаз" АҚ бас директорының кеңесшісі болған Боқаев компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы халықаралық автожарыс өткізуге арналған жалпы сомасы 86,9 млн теңгелік екі келісімшарт жасауды ұйымдастырған. Оның 47,9 млн теңгелік келісімшарты Боқаевтың жиені басқаратын "BM Trust" компаниясымен жасалған. Алайда жарысты іс жүзінде "We Can" компаниясы өткізген.
"Қызмет құнын негізсіз көтеріп, орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған. Қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайды жалға алуға және жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған", - деп жазылған хабарламада.

Гранит тақталар мен ағаштарды ұрлауды ұйымдастырған

2025 жылғы қыркүйекте Боқаев Н. есімді азаматпен бірге Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған. Кейін Боқаев осы оқиғаның бейнежазбасын әлеуметтік желіде өзі анықтаған ұрлық ретінде жариялаған.
Сол жылдың қазан айында Боқаев пен Н. Баума тоғайында жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал 213 мың теңге болған. Кейін олар оқиға орнында түсірілім жасап, болған жағдайды құрылыс компаниясының қызметімен байланыстырған материал жариялаған.

Жалған ақпарат таратқан

Сот Боқаев пен Н. жариялаған бюджет қаражатына қатысты бейнематериалдарды да зерттеген. Бір бейнероликте Алматыдағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанды күрделі жөндеу қарастырылған.
Тағы бір жарияланымда "Атакент" көрме кешенін жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға арналғандай көрсетілген. Ал жобаға субұрқақтар, инженерлік құрылыстар мен суару жүйелерін салу, көгалдандыру және басқа жұмыстар кірген.

Тағы екі айыпталушыға қандай жаза берілді?

Боқаевтың жиені К. аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Н.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар бес жыл бойы БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салынды. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы да тағайындалды.
Боқаев пен К. ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылды. Сондай-ақ олардан "ҚазТрансГаз" АҚ қызметкерлерінің кәсіподағының пайдасына ортақ тәртіппен 42 177 137 теңге өндірілді.
Айта кетері, Санжар Боқаев 2015-2018 жылдары "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болған. 2021 жылы компанияның атауы "QazaqGaz" ұлттық компаниясы болып өзгертілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Санжар Боқаев ұсталды   - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2026
Алматыда белсенді Санжар Боқаев ұсталды
Жаңалықтар
0