Тоқаев пен Путин Кремльде кездесті
00:33 26.11.2026 (жаңартылды: 00:50 26.11.2026)

© Photo : POOL
/ Жазылу
“Яндекс Қазақстан” — еліміздегі негізгі жұмыс берушілердің бірі, деп атап өтті Қазақстан президенті
АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы РИА Новости жазды.
"Сіз Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға көп көңіл бөлетініңізді білемін. Бұл сізге қызықты болады деп сенемін. Бізде мамандардың баяндамаларын тыңдап, жастармен, мектеп оқушыларымен, студенттермен әңгімелесуге, сондай-ақ жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауға мүмкіндік болады", - деді Ресей басшысы.
Ол Ресей мен Қазақстан арасындағы есеп айырысудың 96%-ы ұлттық валютамен жүзеге асырылатынын атап өтті. Екі ел арасындағы тауар айналымы жақсы қарқынмен өсіп, 30 млрд долларға жақындап қалған. Үкіметаралық комиссия екі тараптан да белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
"Барлығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Ал сізбен тұрақты түрде өткізіп жүрген кездесулеріміз осы процеске қосымша серпін береді", -деді Путин.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы орынға шыққанын айтып, мұны Владимир Путиннің еңбегі деп бағалады. Сондай-ақ ол Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.
"Әрине, ең алдымен “Сберді”, сондай-ақ “Яндекс” пен “Яндекс Қазақстанды” атап өткім келеді. “Яндекс Қазақстан” — еліміздегі негізгі жұмыс берушілердің бірі. Бұл бизнес те жақсы дамып келеді. Сіздердің компанияларыңыздың біздің нарықта атқарып жатқан жұмысына көңіліміз толады және оларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз", — деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, Қазақстан президенті жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.
