Тоқаев: Биыл әлемде жасанды интеллектіні дамытуға 2,7 триллион доллар жұмсалуы мүмкін

© Sputnik / Алексей Никольский / Медиабанкке өтуКонференция Сбера по искусственному интеллекту
Конференция Сбера по искусственному интеллекту - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.11.2026
Жазылу
Қазақстан президенті бұл қаражаттың 1,5 триллион доллардан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын айтты
АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Биыл әлемде жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын шығын шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның 1,5 триллион доллардан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан AI Journey халықаралық конференциясында мәлімдеді.

Жасанды интеллектіні қолдану ауқымы артып келеді

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні қолдану ауқымы да артып келеді.
"Стэнфорд университетінің зерттеуіне қатысқан ұйымдардың 88%-ы жасанды интеллектіні күнделікті жұмысында пайдаланатынын айтқан. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 55% болған", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол Мәскеудің жасанды интеллектіні қалалық басқару саласында тиімді қолданып отырғанын атап өтті.
"Мәскеу – жасанды интеллектіні муниципалдық басқаруда қолданудың жарқын үлгісі. Осында бас қосқаннан кейін, біз бірлескен күш-жігерімізбен бұл технологияны өз жоспарларымызға бағындырып, даму мен прогресс жолында алға жылжуымыз керек", – деді Қазақстан президенті.

Цифрландыру – реформалардың басым бағыты

Тоқаев Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу реформалар бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
"Маған жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы ерекше жақын. Өйткені бұл бағыт біздің реформалар бағдарламамыздың басымдығы ретінде белгіленген", – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясында ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалған. Ал білім мен прогресс мемлекеттің негізгі құндылықтары ретінде белгіленген.

Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды

Сондай-ақ Тоқаев Қытайда өткен саммиттің қорытындысы мен үш ірі мемлекеттің декларациясының қабылдануына байланысты Ресей президентін құттықтағанын айтты.
"Осындай күрделі геосаяси жағдайда Ресейдің дәл осындай дәрежеде және мәртебеде мойындалуы – оның көшбасшысы, президент Владимир Владимирович Путиннің қызметінің нәтижесі. Шығыс даналығында айтылғандай, айқын фактілермен дауласу – уақытты босқа өткізу", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның Ресеймен стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы ортақ күн тәртібін жүзеге асыруға тұрақты түрде тікелей атсалысып келе жатқаны үшін Ресей президенті Владимир Путинге алғыс білдірді. Сонымен бірге алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
AI Journey ("Жасанды интеллект әлеміне саяхат") халықаралық конференциясы Мәскеуде 26-28 қараша аралығында өтіп жатыр. Сбер ұйымдастыратын іс-шарада жасанды интеллект шешімдерін тәжірибеде қолдану, оның экономика мен қоғамға әсері, ғылыми жаңалықтар мен технологиялық инновациялардың болашағы талқыланады.
Конференция Сбера по искусственному интеллекту - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.11.2026
Қазақстан мен Ресейдің жасанды интеллект саласындағы жетістіктері таныстырылды
Жаңалықтар
0