Путин жасанды интеллект дәуірінде қандай мамандар қажет болатынын айтты

© POOL
/ Жазылу
Ресей президенті жасанды интеллект кейбір салалардағы орта буын қызметкерлерін алмастыруы мүмкін екенін айтып, білім беру жүйесін қайта қарауға шақырды
АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин жасанды интеллектінің дамуына байланысты еңбек нарығы мен білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге қатысқан Мәскеудегі AI Journey 2026 халықаралық конференциясында айтты.
Путиннің сөзінше, алдағы уақытта кейбір салаларда автономды жүйелер мен жасанды интеллект агенттері қызметкерлерді алмастыра бастайды.
"Бірқатар бағыт бойынша автономды жүйелер мен ЖИ агенттері қазірдің өзінде бастапқы деңгейдегі қызметкерлерді алмастырып жатыр. Ал жақын болашақта орта буын қызметкерлерін де алмастыруы мүмкін", – деді Ресей басшысы.
Осыған байланысты мүлде жаңа құзыреттерге ие мамандар қажет болады. Атап айтқанда, күрделі цифрлық жүйелердің архитектурасын құра алатын және жасанды интеллект агенттерінің тұтас топтарын басқара білетін кәсіби кадрларға сұраныс артады.
Путин кадр даярлау тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтып, бұл мәселені желтоқсанда өтетін Стратегиялық даму және ұлттық жобалар жөніндегі кеңестің отырысында талқылауды ұсынды.
Мектептегі білім беру жүйесі өзгереді
Ресей президенті жасанды интеллект дәуірінде мектептегі оқу үдерісінің басты мақсаты оқушылардың өз бетінше ойлау қабілетін дамыту болуы керек деп санайды.
Оның пікірінше, білім беру жүйесі оқушыларды сұрақ қоя білуге, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға және өз пікірін дәлелдеуге үйретуі қажет.
"Бізге жаңа технологиялық жағдайда нені, не үшін және қалай оқыту керек деген сұрақтарға жаңаша жауап беру қажет. Мектептегі оқу үдерісін өз бетінше ойлауды, сұрақ қоя білуді, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды және өз ұстанымын дәлелдеуді дамытуға бағыттауымыз керек", – деді Путин.
Сонымен қатар ол роботтар мен автономды технологиялар дәуірінде мұғалімнің рөлі төмендемей, керісінше арта түсетінін атап өтті. Осыған байланысты жаңашыл ұрпақ тәрбиелейтін педагогтердің еңбегін қолдау қажет екенін айтты.
Путин жасанды интеллект немесе басқа да озық технологиялар саласында ерекше жетістікке жеткен оқушылардың ұстаздарын марапаттау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек
Ресей президенті жасанды интеллект технологиялары адамның мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа технологиялар адамның интеллектуалдық қабілетін әлсіретпей, керісінше дамытуға көмектесуі керек.
"Жасанды интеллект адамның тұлғалық дамуына қызмет етуге тиіс. Машинамен өзара әрекеттесу адамның ойлау қабілетінің төмендеуіне емес, керісінше, әр адамның мүмкіндіктерін барынша ашуға ықпал етуі керек", – деді ол.
Сонымен бірге Путин жасанды интеллектінің адам мүмкіндіктерімен қатар, қателіктер мен теріс ниеттердің де ауқымын арттыра алатынын ескертті. Оның айтуынша, әлемде жасанды интеллектіні қолдануға байланысты келеңсіз оқиғалар саны бірнеше есе көбейіп келеді. Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін модельдердің құндылықтарға да ықпал ететінін атап өтті.
"Егер модель өзге құндылықтар негізінде оқытылса, ол сол құндылықтарды миллиондаған пайдаланушыға байқатпай ұсынады. Осылайша адамдардың санасы мен құндылықтар жүйесін қалыптастырады", – деді Ресей президенті.
Жасанды интеллектіні бақылаусыз қолдану қауіп төндіреді
Путиннің айтуынша, бүгінде азаматтар, компания қызметкерлері мен мемлекеттік органдар өкілдері жұмыс барысында жасанды интеллектіні жиі пайдаланады. Кейбірі мұндай шешімдерді өз ұйымдарының ресми рұқсатынсыз, соның ішінде шетелдік модельдерді қолдану арқылы жүзеге асырады.
Оның пікірінше, мұндай тәжірибе азаматтардың жеке деректеріне, компаниялардың коммерциялық құпиялары мен зияткерлік меншігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Ресейде кибершабуылдардан мемлекет, маңызды инфрақұрылым, азаматтар мен бизнесті қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.
Сонымен бірге Путин технологияларды бұғаттап, артық шектеулер енгізудің қажеті жоқ екенін айтты. Керісінше, жасанды интеллектіні елдің мүддесіне сай дамыту маңызды екенін атап өтті. Ол цифрлық платформалар, банк қауымдастығы, жасанды интеллект альянсы және бизнес бірлестіктері ортақ ережелерді келісіп, үкіметке нақты ұсыныстар енгізуі керек деп санайды.
ЖИ инфрақұрылымына инвестиция қажет
Путин жасанды интеллектіні дамыту үшін инфрақұрылымға ауқымды инвестиция салу қажеттігін де атап өтті. Ол деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) жедел салуға және іске қосуға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар мұндай орталықтарды жұмыс істеп тұрған электр станцияларының инфрақұрылымына біріктіру мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, цифрлық экономиканың тұрақты әрі тәуелсіз инфрақұрылымын қалыптастыру үшін электр желілерін жаңғырту, энергияны үнемдейтін технологиялар мен салқындату жүйелерін енгізу қажет. Сондай-ақ атом энергетикасын, соның ішінде ірі және шағын атом электр станцияларын дамыту маңызды.
Ресей президенті отандық жасанды интеллект модельдерін қолдауды да ұсынды. Ол мемлекеттік органдарға, ғылым, өнер және мәдениет мекемелеріне отандық модельдерді оқыту үшін сенімді деректерді цифрландыруды күшейту міндетін қою қажеттігін айтты.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні ғылымда кеңінен пайдаланып, жаңа гипотезаларды іздеу мен ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдану үдерісін жеделдетуге шақырды.
Путиннің пікірінше, жасанды интеллектіні дамытуда елдің технологиялық дербестігімен қатар, ұлттық құндылықтар мен мәдени бірегейлікті сақтау да маңызды.
AI Journey конференциясы
AI Journey халықаралық конференциясы 26–28 қараша аралығында Мәскеудегі Сбербанк бас кеңсесінде өтіп жатыр. Іс-шара 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Конференцияға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Жиында жасанды интеллект шешімдерін тәжірибеде қолдану, оның экономика мен қоғамға әсері, ғылыми жаңалықтар мен технологиялық инновациялардың болашағы талқыланды.
Конференция аясында қатысушылар жасанды интеллект саласындағы жаңа әзірлемелер мен технологиялық жетістіктерді де таныстырды.