Қонақүйлерге арналған жаңа талаптар 2027 жылдың көктемінде күшіне енеді

© Sputnik / Тимур БатыршинОсень в Алматы
Осень в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2026
Жазылу
Құжатта барлық санаттағы қонақүйлерге арналған қызмет көрсету, тамақтану және қонақтардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар белгіленген
АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. 2027 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда қонақүй қызметін көрсетудің жаңа ұлттық стандарты қолданысқа енгізіледі.
Жаңа стандартты Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бекітті.
"Қонақ нөмірді брондамас бұрын оның құнын, алдын ала төлем жасау қажеттілігін және броньнан бас тарту шарттарын білуге тиіс. Өтінімді қарауға қонақүйге 24 сағатқа дейін уақыт беріледі. Қонақтарды қабылдау және шығарып салу уақытын қонақүйдің өзі белгілейді. Дегенмен стандарт қонақтарды орналастыруды сағат 14:00-ден кешіктірмей бастауды, ал шығу уақытын түскі 12:00-ден ерте белгілемеуді ұсынады", – деп хабарлады ведомство.
Егер броні расталған қонақ белгіленген уақытта келіп, жарты сағат өтсе де нөмірі дайын болмаса, қызметкерлер оның жүгін уақытша сақтауға қабылдауды ұсынуы тиіс. Күту кезінде қонақүй өз таңдауы бойынша қосымша қызмет көрсете алады. Мысалы, қонаққа шай ұсынуы мүмкін.
Тамақтану мен нөмір тазалығына қойылатын талаптар
Жаңа стандартта тамақтандыру қызметіне де ерекше талаптар қарастырылған.
"Таңғы ас кезінде ата-аналар баласының жаңғаққа аллергиясы бар екенін айтып, оған қандай тағамдар жарайтынын сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда қызметкерлер тағамдардың құрамын түсіндіріп, отбасының өтініші бойынша жаңғақсыз кемінде бір тағам ұсынуы керек. Оның түрі асүйде бар өнімдерге байланысты болады. Сонымен қатар қонақтар тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс", – деп хабарлады Сауда министрлігі.
Қонақүйдің бос емес нөмірлері күн сайын тазалануы қажет. Алайда есікке "Мазаламаңыз" деген белгі ілінсе, тазалау кейінге қалдырылады.
"Егер қонақ нөмірде болса, тазалау жұмыстарын жүргізу үшін оның рұқсатын алу қажет. Қызмет көрсетуге қатысты шағымды ауызша да, жазбаша да беруге болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, оны қарау нәтижесінде қандай шаралар қабылданғанын көрсетуі тиіс", – делінген құжатта.

Қонақтардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Стандартта қонақүйдегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға да басымдық берілген.
Мәселен, холлдағы еден жуылғаннан кейін сырғанап құлау қаупі туралы ескерту белгісі қойылуы керек. Ал бассейн маңындағы ақпараттық тақтайшаларда оның тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені және құтқарушының кезекшілікте болуы туралы мәлімет көрсетілуі тиіс. Құтқару құралдары көзге көрінетін әрі еркін қолжетімді жерде орналасуы қажет.
Бассейнде жазатайым оқиға болған жағдайда қызметкерлер оны тіркеп, алдын ала әзірленген тәртіпке сәйкес әрекет етуі керек. Сондай-ақ қонақүй қызметкерлерін оқыту бағдарламасына алғашқы көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдері енгізіледі.
Бұдан бөлек, жаңа стандарт қонақүй басшыларына қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалауға, міндеттерді нақты бөлуге және мамандардың біліктілігін арттыруды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Құжатта тамақтану гигиенасы мен қауіпсіздігі, ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығы, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, іс-шаралар мен демалысты ұйымдастыру мәселелері де қамтылған.
Жаңалықтар
0