"Ту сыртымнан тап берді": қасқырмен арпалысқан ер адам оқиғаның мән-жайын айтты
16:34 23.11.2026 (жаңартылды: 17:25 23.11.2026)

© Photo : Айдана Дайырова
Жазылу
Ақкөл табиғи қорық аумағында орналасқандықтан, қарсақ пен түлкі ауыл ішінде емін-еркін жүре береді
АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Қостанай облысы Жанкелді ауданының Ақкөл ауылында ер адамға қасқыр шапты. Жыртқышпен жалаң қолмен арпалысып, ақыры оны өлтірген 49 жастағы Марат Құттыбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Оқиға 22 қарашада болған. Марат Құттыбаев қаладан ауылға соғым сойып, етін алып кету үшін келген. Кешқұрым құдасы қонаққа шақырып, ауыл ішінде жалғыз жаяу келе жатқанда, ту сыртынан қасқыр тап берген.
"Үйге 100 метрдей қалған еді. Егер айдалада болсам, аман қалуым екіталай еді. Артымнан келіп атылды. Курткамның капюшонынан тістеп алды. Мен құлап түстім, капюшон ағытылып кетті. Содан әбден арпалыстық. 20 рет аунап тұрған шығармыз. Бұрын да осылай алысып көргенмін. Жалпы, қасқырдан қорықпайтынмын. Бірақ бұл жолы жасым да ұлғайды, әл-дәрменім азайып қалыпты. Қасқыр деген өте күшті аң екен. Қашайын десем, бір қадам да бастырмайды, жетіп алады. Күшім бітіп, қасқырды қылқындырған күйі көршімнің үйінің алдына дейін апардым. 45 минуттай алыстым. Сол жерде балта жатқан екен, соны алып, басынан шаптым", – дейді Марат Құттыбаев.

49 жастағы Марат Құттыбаев ту сыртынан тап берген қасқырды ұрып өлтірді
© Photo : Айдана Дайырова
Оның айтуынша, жыртқышпен болған арпалыс психологиялық тұрғыдан да ауыр тиген. Қазір Марат Құттыбаев ауруханада жатыр. 49 жастағы азамат мүшел жасында ажалдан аман қалған.
Ақкөл ауылы табиғи қорық аумағында орналасқандықтан, бұл маңда аң-құс аулауға және оларға мылтық кезенуге тыйым салынған. Сондықтан қарсақ пен түлкі де ауыл ішінде емін-еркін жүре береді. Тұрғындардың айтуынша, қасқыр да ауыл маңын жиі жағалайтын болған.
Маратты қонаққа шақырған құдасы Қайыркелді Қоңқабайдың айтуынша, Мараттың бұл ауылда інісі тұрады. Екі үйдің арасы шамамен 200 метр болған.
"Сол інісінің үйінен менің үйіме қарай келе жатқан. Кенет ту сыртынан қасқыр келіп бас салған. Марат әу баста біреу келіп соқты ма деп ойлаған. Сол күні жаңбыр жауып, ауа райы қолайсыз болып тұрған. Марат құлап түсіп, қайта атып тұрып қаша жөнелген. Бірақ қасқыр соңынан қуған. Содан екеуі алысып кеткен. Кейін үйге келгенде қолының бәрі қан болды. Өзі де етжеңді жігіт, сол күшінің арқасында аман қалған шығар", – дейді Қайыркелді Қоңқабай.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыдан 15 жылдай бұрын да қасқыр адамға шапқан. Сол кезде Марат ауылдасына араша түсіп, жыртқыштан аман алып қалған.
Ауыл ішінде еркін жүрген қасқырдың мәселесіне қатысты ауыл әкімінен де сұрадық. Малға тиіспеген жыртқыштың Маратқа неліктен шабуыл жасағанын әкім Балғабай Қалиев те түсіндіре алмай отыр.
"Жалпы, ауылдағы малдың бәрі қасқырдан аман. Бұған дейін қасқырдың ауылға келгенін көрген емеспіз. Егер ауылды торуылдап жүргенін білсек, тұрғындарға сақ болуды ескертер едік. Марат қасқырды желкесінен ұстап, өзі қонаққа бара жатқан үйге дейін сүйреп апарған. Сол үйдегілер көмектесіп, жыртқышты өлтірген. Қасқырды ветеринар дәрігерлер тексере алмады, себебі оны өлтірген кезде басы жаншылып қалған. Жыртқыштың өлексесін арнайы орынға апарып көмді. Негізі, жыл сайын аңшылар келіп, ауыл маңын қасқырдан тазартып кетеді", – дейді Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
Sputnik Қазақстан тілшісі науқастың жағдайын дәрігерлерден сұрап білді. Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Марат Құттыбаевтың денсаулық жағдайы орташа ауыр. Қазіргі уақытта оған қажетті ем-дом жасалып жатыр.
Осыдан 20 жыл бұрын көрші ауылда егде жастағы әйелді қасқыр талап өлтірген. Ол да көрші үйге кіріп-шығу үшін аз ғана жерге шыққан екен.
Ауыл тұрғындарының пайымдауынша, қазір елді мекенде жаппай соғым сойылып жатыр. Олардың пікірінше, қанның иісі жыртқышты ауыл маңына тартуы мүмкін.

