Астанада жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыруға болады

© Sputnik / Владислав ВодневЖүргізуші куәлігі
Жүргізуші куәлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2026
Жазылу
Тестілеу кезінде бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Астанада Жол жүрісі қағидаларын білу бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға арналған пилоттық жоба іске қосылды.
Енді жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тестілеуді үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыруға болады.
Жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" – "Теориялық емтиханды онлайн тапсыру" бөлімі арқылы қолжетімді. Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, тұрғылықты жері бойынша Астана қаласында тіркелген азаматтарға ұсынылады.
Өтінім бермес бұрын жүйе үміткердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер:
Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы;
бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
көлік құралын басқару құқығынан айырылмаған болуы;
автомектепті аяқтағаны туралы қолданыстағы куәлігі болуы;
жарамды медициналық анықтамасы болуы;
диспансерлік есепте тұрмауы қажет.
Қызметті алу үшін мыналарды орындау керек:
eGov Mobile қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" бөліміне кіріп, "Теорияны онлайн тапсыру" қызметін таңдау;
жүргізуші куәлігінің тиісті санатын көрсету;
1414 нөмірінен келетін SMS арқылы дербес деректерге қол жеткізуге келісім беру;
қызмет ақысын төлеу;
eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу қажет.
Тестілеу сілтемесі дербес компьютер арқылы ашылады және төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды болады.
Емтихан басталар алдында үміткер түстерді ажырату қабілетін (дальтонизмді) анықтауға арналған тесттен де өтеді. Тестілеу аяқталғаннан кейін нәтиже бірден көрсетіледі.
Емтиханның ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар арнайы ExamApp қосымшасы қолданылады. Тестілеу кезінде бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі. Емтихан басталмас бұрын жүйе үміткердің жеке басын оның фотосуретін профильдегі суретпен салыстыру арқылы сәйкестендіреді.
"Сонымен қатар екінші камера ретінде смартфонды пайдалану қажет. Оны үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір тұсына орналастыру керек. Камера кадрына емтихан тапсырушының өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі тиіс. Тестілеу басталар алдында үміткер бөлмені камераға көрсетеді", - деп жазылған хабарламада.
Жүйе құрылғыда пайдалануға тыйым салынған бағдарламалардың, виртуалды машиналардың, қашықтан қол жеткізу құралдарының, қосымша мониторлардың, VPN және Proxy сервистерінің бар-жоғын да тексереді. Емтихан терезесі толық экран режимінде ашылып, басқа терезелерге ауысу бұғатталады.
Онлайн емтихан тапсыру үшін тағы қандай талаптар бар екенін толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Водительское удостоверение, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2026
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханына өзгеріс енгізіледі
Жаңалықтар
0