"Асылбек өліп қалды": Жамбыл облысында оқушы буллинг салдарынан ес-түссіз жатыр

© Sputnik / Табылды КадырбековЖұдырық
Жұдырық - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2026
Жазылу
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бірлесу ауылында 14 жастағы Асылбек Рахманқұлов қатарластарының салдарынан аурухана төсегіне таңылып, үш аптадан бері ес-түссіз жатыр. Жасөспірімнің туыстары тергеу дұрыс жүрмей жатыр деп базынасын айтып жатыр. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оқушының анасы айтып берді.

"Асылбек өліп қалды"

Оқиға 31 қазанда болған. Асылбек Рахманқұловты қатарластары ұрған.
"Кешкі сағат сегізде белгісіз номерден қайта-қайта хабарласты. Мен бөтен номер болғандықтан, трубканы көтермей қойдым. Қоймай қойған соң телефонды алып ем, "апай, Асылбек өліп қалды" деді. Сол жерде талып қалыппын. Қыздарым телефонды алып, "не болды?" деп жанұшыра сұраған екен, "Асылбек талып қалды, тезірек Асаның ауруханасына келіңізші" деді жаңағы телефон соққан адам. Есімді жиып, жанұшыра Асаның ауруханасына бардық", - дейді жәбір көрген оқушының анасы Бағила Қонақбаева.
Балаға сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігерлер бірден жансақтау бөліміне алып кеткен.
© PhotoАсылбек Рахманқұлов
Асылбек Рахманқұлов - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2026
Асылбек Рахманқұлов
"Ауруханада бала өліп қалды деді, мен есімнен танып түстім. Есімді жисам, жансақтау бөліміне алып кетіпті. Он минуттан кейін баланың жүрегі қайта соқты. Балам ес-түссіз бір апта жатты. Бір апта қасында күзетумен болдым. Тараздың аураханасына баланы әкетпеді, өйткені бала жолды көтере алмайды деді. Тек он күннен кейін Таразға апарды", - дейді анасы.
Тараз ауруханасында да бала жансақтау бөліміне жатқызылып, сосын палатаға ауыстырған.
"Балам ес-түссіз жатыр, ешкімді танымайды. Баламды ұрған, ұрған бала кінәсін мойындап тұр. Маған хабарласқан Нұргелді Айдар деген бала, Асылбекті ұрған сол бала. Бірақ Нұргелдіге 11-сыныптың балалары ұрғызған. Ұрған бала бәрін мойындап айтып тұр, ал мәжбүрлеп ұрғызған үш бала тергеуде жоқ", - дейді жәбір көрген оқушының анасы.

Оқиға қалай болған

31 қазан күні Асылбекті қатарластары ауылдағы мәдениет үйінің ғимаратының артына "сходқа" шақырған. Сход – ауылда тіл алмаған балалардың мәселесін май шаммен қарайтын жиналыс, дейді Асылбектің әпкесі Аружан.
"Біздің ауылда система, буллинг бар. Бұл бұрыннан бар. Мал қорасын тазалатады, әжетханаларын тазартады, әртүрлі жұмыс істетеді. Кішкентай балаларға сондай буллинг көрсетеді. Сход деген сондай жұмыс істемеген балаларды жазалайды. Менің бауырымды сондай жұмысқа шақырған, Асылбек бара алмаған. Өйткені қызылшаға жұмысқа шыққан. Бармағаны үшін күндіз сходқа шақырған, Асылбек оған да бара алмаған. Кешкі сағат сегіз шамасында үлкен сыныптың оқушылары тағы сходқа шақырған", - дейді Аружан Рахманқұлова.

"Ауылда буллинг бар"

Асылбек кешкі сағат жеті шамасында үйден шығып кетіп, сол сходқа барған. "Неге кешігесің?" деген сұраққа "ұйықтап қалдым" деп жауап берген. Бірақ сходқа шақырған 11-сынып оқушылары Асылбектің уәжіне сенбеген.
"Cход аптасына бір рет ұйымдастырылады. 11-сынып оқушылары 8, 9, 10-сынып оқушыларын жинап алып, тапсырмасын орындамаған балаларды жазалайды. Сол күні Асылбекті жазалаған. Асылбек қанша ақталса да, сенбеген. 11-сыныптың балалары 10-сыныпта оқитын Нұргелді Айдар деген балаға "ұр, ұрмасаң сені ұрамыз" деп бұйрық берген. Ол бас тартқан, бірақ жоғары сынып оқушылары оны мәжбүрлеген. Бұның бәрін күдікті деп танылған Нұргелді айтып отыр", - дейді әпкесі.
Нұргелді Асылбектің жүрек тұсынан төрт рет ұрған. Асылек сол жерде есінен танып құлаған.
"Нұргелді есіп шығып кетіп, "жедел жәрдем шақырайықшы" деп айқайлаған. Қасындағылар "тастап кете бер" деген. Бізге де Нұргелді өзі хабарласты. Біз әлеуметтік желіде жазған соң ғана полиция қозғалды. Нұргелдіні үй қамаққа алды. Ал ұрғызған балалар жәйбарақат жүр. Оқиға орнында 11-сыныптың үш оқушысы болған", - дейді Аружан Рахманұлова.

Отбасындағы жалғыз ұл

Қазір Асылбектің жағдайы өте ауыр. Ол отбасында үш қыздың арасындағы жалғыз ұл.
© PhotoАсылбек Рахманқұлов
Асылбек Рахманқұлов - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2026
Асылбек Рахманқұлов
"Інімнің жағдайы өте ауыр. Екі сіңілім мен мамам бәріміз кезектесіп қарап жүрміз. Жансақтау бөлімінен шығарған себебі - дәрігерлер "науқасқа күтім дұрыс болмайды, бауырларындай ешкім қарай алмайды" деп палатаға ауыстырды. Бала он күн терең комада болды, қазір аппаликалық комада. Бала көзін ашады, бірақ реакция жоқ. Ми толқындары өте баяу, миындағы жасушалары өліп қалған, тек жүрегі соғып жатыр, оның өзінде аппаратпен тыныс алып жатыр", - дейді оқушының туыстары.
Баланың миы мен жүрегінде байланыс 37 минут болмаған, сол сәтте миы зақымданып кеткен, дейді туыстары. 14 жастағы Асылбек Рахманқұлов 22 күн бойы ес-түссіз жатыр. Айыбы – "сходқа" кешігіп барғаны ғана.
Мектептегі жағдай туралы Sputnik Қазақстан тілшісі Жамбыл облыстық білім басқармасына хабарласты. Ведомство жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілді дейді.

"Бірлесу-Еңбек орта мектебінде орын алған келеңсіз жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі тарапынан қызметтік зерделеу жүргізіліп, жауапты қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін орындау мәселесі қаралды. 3 қарашадағы №107 бұйрықпен мектеп психологына, №108 бұйрықпен директордың құқық ісі жөніндегі орынбасарына өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік шара берілді", - дейді білім басқармасы.

Бірлесу-Еңбек ортама мектебінің әлеуметтік педагогына, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және 10-сыныптың жетекші мұғалімі мен 9-сынып жетекші мұғаліміне "сөгіс" жарияланды.
Жамбыл ауданы прокуратурасының ұсынысына сәйкес Бірлесу-Еңбек орта мектебінің директорына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, атқарып отырған лауазымына сәйкестігі қаралып жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданып, нәтижесі туралы қосымша ақпарат ұсынылатын болады, дейді басқармада.
Сонымен қатар, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 8–11 сынып оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өткізілген.
Полиция осы факті бойынша қылмысық іс қозғады.
"Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр", - дейді Жамбыл облысының полиция департаменті.
Жұдырық - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2026
Жамбыл облысындағы оқушылар өлімі: мектептерде "Система" деген жазалаушы құрылым болған
Жаңалықтар
0