"Тауып алғанда өте қуандық": ақша толы әмиянды полицияға тапсырған оқушы оқиғамен бөлісті
20:06 20.11.2026 (жаңартылды: 21:04 20.11.2026)

© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Атырауда 6-сынып оқушылары әмиян толы ақшаны тауып алып, полицияға берген. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оқушының өзі айтып берді.
Ақша тауып алып, аяқасты олжалы болған балалар №40 мектептің оқушылары. Олардың бірі - Абылай Амантайұлы.
"Мен жаттықтырушымын, ақша тауып алған бес баланың төртеуі менің шәкіртім. Арасында ұлым да бар. Бесеуі жаттығудан шығып, қайтып бара жатқан. Мен кіші балам ауырып жатқандықтан, тезірек жаттығудан шығып, үйге кетіп бара жатып, "балам асықпай келе бер" дедім. Спорт кешенінің жанында жаяу жүргіншілер өткелі бар, балалар сол жерден өтіп бара жатқанда ақшаны тауып алған", - дейді Абылайдың анасы Гүлбаршын Смайылова.

Абылай Амантайұлы
© Photo
Ақшаны тапқан басқа бала. Ал полицияға берген - Абылай. Балалардың арасында ақшаны жұмсайық па, қайтарайық па деген пірік де айтылған.
"Абылай "ақшаны алып ап үйге апарсам, анам не дейді, ұрысады ғой" деп ойлапты. Балам ойланып тұрғанда жолда патрульдік полиция қызметкерлері кетіп бара жатқан. Абылай ойланбастан қолын көтеріп тоқтатып, ақшаны полицияға апарып берген. "Ағай, біз әмиян тауып алып ек, ішінде көп ақша бар ғой деймін. Жоғалтып алмай тұрғанда сіздерге берейік" деген", - дейді Гүлбаршын Смайылова.
Үйде кісінің ақшасын алып, ақысын жеме деп үнемі үйретіп отырамыз, дейді Абылайдың анасы.
"Балама ол біреудің несиесі, зейнетақысы, мүмкін емге жинаған ақшасы болар. Қайтарғаның дұрыс бопты деп ем, балам да "анашым, мен де солай ойладым" дейді. Ақшаның иесі балабақшада жұмыс істейтін жас қыз екен. Ол кісі ақшаны түсіріп алып, басшылығына айтқан", - дейді баланың анасы.
Ақшасын жоғалтып алған бойжеткеннің есімі - Ақерке Қабленова, балабақшада мобилограф болып істейді. Басшылығы полиция қызметкерлеріне хабарласқан. Полиция табылған ақша туралы айтқан.

Абылай Амантайұлы
© Photo
"Әмиянымда 272500 теңгем болған. Қайда түсіріп алғанымды білмедім. Ақша өзімдікі болған. Ақшаны жоғалтқан бойда іздедім, жұмысыма барып, басшыма айттым. Ол кісі 102-ге хабарласты. Олар ақша табылғанын айтты. Бірақ шынымда айттым, алғашында түк те сенбедім. Сосын мені қолхат жазуға полицияға шақырғанда ғана сендім. Ал ақшамды не затқа жоспарлағаным құпия", - дейді Ақерке Қабленова.
Абылайдың ата-анасы еркін күрестен жаттықтырушы, отбасы көпбалалы. Абылай үйде екінші бала.
"Алан досым ақшаны тауып алды. Негізі дүкенге бара жатқанбыз. Ашып қарадық, ақша көп екен. Қасымыздан өтіп бара жатқан достарымыз "бөліп алайық" деді. Анам "біреудің ақшасына тиіспеңдер, арты жаман болады" деп айтатын. Алыстан полиция көлігін көріп қалып тоқтатып, полицияға бердік. Ашаны тауып алғанда өте қуанып кеттік негізі. Астанада доллар шашылған оқиға есіме түсіп кетті. Сол оқиғаны көргенде "не деген көп ақша" деп қызыққан едім. Ал біз тапқан ақшаның иесіне бізге 10 мың теңге бергені үшін рахмет айтамын", - дейді Абылай Амантайұлы.
Абылай қазақ тілі мен дене шынықтыру пәнін өте жақсы көреді. Болашақ арманы - әлем чемпионы болып, қазақ елінің атын әлемге таныту екен.
Балалар ақшаны тапсырған полиция қызметкері – Сұлтан Сапарбаев.

Абылай Амантайұлы
© Photo
"Патрульдеу кезінде балалар көлікті тоқтатты. Қолындағыны көрсетіп, "ақша тауып алдық, ашып қараған жоқпыз" деді. Біз бірден 102 операторына хабарладық. Өйткені затын жоғалтқан адам бірден 102-ге хабарласады. Ақшасын жоғалтқан кісі бізге хабарласты, біз ақшасын қайтарып бердік. Жалпы осы салада 11 жыл қызмет етіп келемін, бірақ мұндай жағдай бірінші рет кездесті", - дейді Сұлтан Сапарғалиев.
Бүгін полиция қызметкерлері мектепке келіп, Абылай мен досына мақтау қағаздарын берді. Әрбір оқушыға үлгі етіп, мақтауларын жеткізді.
Ақшаның иесі Ақерке Қабленова Абылайдың үйіне келіп, алғысын білдіріп, 10 мың теңге ұстатқан. Абылай ақша тапқан достарымен бірге донер алып жеуге барамыз дейді.
