"Аттары бөлек, заттары бірдей": Тоқаев ауылды қолдау бағдарламаларын тексеруді тапсырды
Жазылу
Президент агросекторды қолдау бағдарламаларының тиімділігіне күмән келтірді
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Президент ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет екенін атап өтті.
"Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты "аттары бөлек, бірақ заттары бірдей" бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.
"Сондықтан үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе", - деп толықтырды ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтағанын атап өтті. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.
Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өскен. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды.

