Путин мен Трамп АТЭЫ саммиті аясында екіжақты кездесу өткізді

© Sputnik / Сергей Бобылев / Медиабанкке өтуПрезидент Владимир Путин принимает участие в саммите АТЭС в Китае
Президент Владимир Путин принимает участие в саммите АТЭС в Китае - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2026
Жазылу
Путин мен Трамп саммит көшбасшыларының ортақ суретке түсу рәсімі алдында бір күн бұрын қысқаша тілдескен болатын
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммиті аясында екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу басында Дональд Трамп алдағы әңгімеден жақсы нәтижелер күтуге болатынын айтты.
"Менің ойымша, бұл кездесуден көптеген жақсы нәтиже шығуы мүмкін немесе, кем дегенде, соған бастама болады", – деді Трамп.
Ол келіссөздің нәтижелі болатынына үміт білдіріп, Ресей президенті Владимир Путинмен көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қарым-қатынасы болашақта оң нәтижелерге жеткізуі мүмкін екенін атап өтті.
"Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Менің ойымша, осының нәтижесінде көптеген жақсы бастамалар жүзеге асуы мүмкін", – деді АҚШ президенті.
Кездесу Шэньчжэнь қаласындағы Халықаралық алмасу орталығында өтіп жатыр. АҚШ тарапынан келіссөзге мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен қаржы министрі Скотт Бессент қатысып жатыр. Бұған дейін Путин мен Трамп Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінің пленарлық отырысына қатысқан.
Кездесу қарсаңында Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков әңгіме пайдалы әрі мазмұнды болады деген үміт білдірген еді.
Бейсенбі күні кешке Ресей, Қытай және АҚШ басшыларының алғашқы үшжақты кездесуін өткізу жоспарланған.
Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті 18-19 қараша күндері Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатыр. Ұйым құрамына Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 21 мемлекет кіреді.
Жаңалықтар
0