Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
13:59 17.11.2026 (жаңартылды: 14:00 17.11.2026)
Жазылу
1941 жылдың 16 қарашасында Волоколамск түбінде, Дубосеково разъезінің маңында панфиловшылар неміс танктерінің Мәскеуге басып кіру әрекетіне тойтарыс берген
АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің өшпес ерлігінің 85 жылдығына орай Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің дипломаттары батырлардың рухына тағзым етті.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ерлан Шәмішев атап өткендей, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс тақырыбын мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты кездесулер барысында тұрақты түрде талқылайды.
"Сол күндер туралы естелік халықтарымызды біріктіреді. Біз оны келер ұрпаққа жеткізу үшін осы тағзым борышын өтейміз және бұл естелік - халықтарымыз бен елдеріміз арасындағы тірі көпір. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік, тату көршілік және тарихи шындықты құрметтеу қағидаттарына адал болып қала береді", – деп атап көрсетті дипломат.
Ол Қазақстан үшін панфиловшылардың ерлігі ерекше маңызға ие екенін және қазақстандықтардың ортақ Жеңіске қосқан үлесін айшықтайтынын еске салып өтті.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
Ал Волоколамск муниципалдық округі басшысының орынбасары Надежда Большакова бүгін ұрпақ үшін өз өмірлерін құрбан етіп, жауды тоқтатқан Панфилов батырлары ерлігінің 85 жылдығы аталып өтіп жатқанын тағы бір еске салды.
"Олар күш жинап, Мәскеуге фашистерді жіберіп алмау үшін қажетті уақыт берді. Біз бұл ерлікті білуіміз және мәңгі есте сақтауымыз керек. Мен әрқайсымызға, ең алдымен балаларымызға, панфиловшылардың ерлігін ұмытпауды, тарихи жадыны сақтауды және ешқашан мойымауды тілеймін", – деп атап өтті ол.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
РФ Қарулы күштері бас әскери-саяси басқармасының өкілі, генерал-майор Андрей Колесников 85 жыл бұрын Мәскеу үшін шайқастың тағдырын шешкен негізгі шайқастардың бірі осында өрбігенін айтты.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
"Қызыл армияның басқа да бөліктерімен бірге Волоколамск бағытында алынбас қамалдай тұрған 316-атқыштар дивизиясының арқасында жаудың жоспарлары жүзеге аспай қалды", – деп еске салды Колесников.
Мәскеу облыстық Думасының депутаты Владимир Вшивцев Дубосеководағы мемориал Мәскеу қорғаушылары ерлігінің басты ескерткіштерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
"Дәл осы жерде Панфилов бөлімшесі жауды тоқтатып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Жауынгерлер керемет рух күшін таныта отырып шайқасты. Олар мүмкін емес нәрсені жасап, мәңгілік даңққа бөленді", – деді ол.

Қазақстандық дипломаттар Панфилов батырларын еске алды
Еске алу іс-шараларына Мәскеуде аккредиттелген дипломатиялық корпус, Ресей СІМ, Мәскеу облысы Үкіметі мен Мәскеу облыстық Думасының, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әскери тарихшылар мен сарапшылар, сондай-ақ панфиловшылардың туыстары қатысты. Олар Дубосеководағы мемориалға гүл шоқтарын қойып, Панфиловшы батырлар мұражайында өткен дөңгелек үстел барысында тарихи жадыны сақтау мәселелерін талқылады.
