"Халықтық құрылыс": қандай құрылыс материалдары өндіріледі
11:13 17.11.2026 (жаңартылды: 11:17 17.11.2026)

© Sputnik / Игорь Зарембо
/ Жазылу
Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр
АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында Қазақстанда өндірілуі қажет құрылыс материалдарының тізімін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде отандық кәсіпкерлер ішкі сұраныстың шамамен 73%-ын қамтамасыз етіп отыр.
"Алайда жылу оқшаулағыш және керамикалық тақталар, композиттік және қаптау материалдары сияқты жекелеген өнім түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Осыған байланысты "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі", – деді Нағаспаев үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады.
"Ол үшін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыс саласының цифрлық жүйелерінде көрсетілуге тиіс. Басты мақсат – алдағы үш жылда ауқымды құрылыс жұмыстары аясында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу", – деп атап өтті министр.
Айта кетері, мемлекет басшысы 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялады. Бұл жұмысқа Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінеді.