Мұғалімдерді артық жүктемеден арылту: арнайы заң жобасы әзірленді

© Photo : Акимат Абайской областиЖайлы мектеп
Жайлы мектеп - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.11.2026
Жазылу
Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер нақты тәжірибеге негізделуі маңызды
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Құрылтайда мұғалімдерді артық жүктемеден қорғайтын заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде білім саласында цифрландыру енгізілсе де, мұғалімдердің жұмысы жеңілдеп жатқан жоқ. Қағаз жүзіндегі есеп көбіне электронды форматқа көшіріліп, мұғалімдердің міндеттері сол күйі қалып отыр. Осыған байланысты президент те мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуды тапсырған.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы үкіметтің талқысына әлі жіберілген жоқ.
"Заң жобасын үкіметке жолдамас бұрын озық мектептердің тәжірибесін зерделеуді жөн көрдік. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайтуға көмектесетін цифрлық шешімдерді анықтағымыз келді. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер нақты тәжірибеге негізделуі маңызды", - деді Аймағамбетов әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында.
Ал Шолпан Каринова ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін цифрлық платформаларға тоқталды.
"Цифрлық платформалар мұғалімдердің кәсіби тұрғыда бір-бірімен байланыс орнатуына тиімді құрал бола алады. Бір пәннен сабақ беретін ұстаздар бірлесіп сабақ жоспарлап, өткізуге, нәтижелерді талдауға және оқыту әдістемелерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұл педагогтердің кәсіби дамуына және білім сапасының артуына ықпал етеді", - деді Каринова.
Сонымен бірге балаларды волонтерлік жобаларға тарту және тәрбие жұмысының нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау жайы да сөз болды.
Көшпелі отырыста айтылған ұсыныстар мен мектептердің тәжірибесі заң жобасын жетілдіру кезінде ескеріледі. Құжатты үкіметке жолдағанға дейінгі жұмыс Құрылтайда жалғасады.
Жайлы мектеп - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2026
Мұғалімдердің ар-намысы мен абырой-беделін қорғау шаралары күшейтіледі
Жаңалықтар
0