eGov Mobile-да жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисі іске қосылды

© Sputnik / Владислав ВодневМобильное приложение "Электронного правительства"
Мобильное приложение Электронного правительства - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2026
Жазылу
Төлемнен ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығын шектемейді
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазақстандықтар енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы әлеуметтік төлем мен жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарта алады. Жаңа цифрлық сервис 2026 жылдың қазан айынан бастап қолжетімді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Аталған қызмет тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алып жүрген азаматтарға арналған.
"Сервиске кірген кезде жүйе азаматқа тағайындалған және төленіп жатқан төлемдердің тізімін автоматты түрде ұсынады. Қажетті төлемді таңдап, электронды өтінішті растау жеткілікті. Қосымша ақпаратты қолмен енгізудің қажеті жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Министрліктің түсіндіруінше, жәрдемақыдан бас тарту – азаматтың міндеті емес, оның өз еркімен қабылдайтын жеке шешімі. Бұл мүмкіндік мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес және өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз ете алатын азаматтарға саналы таңдау жасауға жол ашады.
Маңыздысы, төлемнен ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығын шектемейді. Егер өмірлік жағдайы өзгерсе, азамат жәрдемақыны қайта тағайындауға өтініш бере алады. Өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.
"Сервис толығымен цифрлық форматта жұмыс істейді. Оны пайдалану үшін мемлекеттік органдарға барып, қағаз жүзінде өтініш тапсырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар пайдаланушылар қосымша арқылы кері байланыс қалдырып, сұрақтары мен ұсыныстарын жолдай алады", - дейді ведомство мамандары.
Министрлік азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды. Сервис тек ресми eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Еңбек министрлігі мессенджерлер арқылы жәрдемақыдан бас тартуға арналған сілтемелер жібермейді. Сондықтан күмәнді сілтемелерге өтпей, қызметтің қолжетімділігін тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет.
Теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2026
Тоқаев жәрдемақы тағайындаудың жаңа жүйесіне қатысты пікір білдірді
Жаңалықтар
0