Жұмыс беруші аударуға міндетті төлемдердің бар-жоғын қалай тексеруге болады
18:33 09.11.2026 (жаңартылды: 18:34 09.11.2026)

© Sputnik / Болат Шайхинов
Жазылу
Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорға түскен аударымдардың есебінен бірнеше жағдайда әлеуметтік төлемдер беріледі
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс беруші аударуға міндетті төлемдерді тексеру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Төлемнің мөлшері қандай
Бүгінде заң бойынша жұмыс беруші қол астыдағы жұмыскерлер үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өз қаражаты есебінен төлеуге міндетті. Ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың мөлшері жалақының 5 процентін құрайды.
"Әлеуметтік аударымдардың уақтылы әрі толық төленуі жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуында маңызды рөл атқарады. Осы аударымдар негізінде адамның табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі. Бұл көрсеткіштер тиісті әлеуметтік төлемдерді алу құқығын айқындау және олардың мөлшерін есептеу үшін қажет", - дейді министрлік мамандары.
Қордан қандай көмек беріледі
Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорға түскен аударымдардың есебінен бірнеше жағдайда әлеуметтік төлемдер беріледі.
еңбекке қабілеттіліктен айырылу;
жұмысынан айырылу;
жүктілік пен босануға;
жаңа туған баланы асырап алуға;
бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі;
Сондай-ақ, жүйеге қатысушы қайтыс болған жағдайда оның асырауындағы отбасы мүшелері әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Аударымдарды қалай тексеруге болады
Қорға түскен аударымдарды тексеру үшін eGov.kz порталында "Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру" қызметін пайдалану қажет. Сол жерде кезең таңдалып, электрондық сұрау жолданады. Ал нәтижесін жеке кабинеттен көруге болады.
Сондай-ақ, аударымдардың бар-жоғын банктердің мобильді қосымшаларындағы "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінен алуға мүмкіндік бар. ХҚКО-ға немесе МӘСҚ филиалына жүгінген кезде жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет.
Жарна түспесе, не істеу керек
Жұмыс беруші әлеуметтік жарналарды ай сайын 25-інен кешіктірмей аударуға тиіс.
"Егер жекелеген айлар бойынша әлеуметтік аударымдар түспегені анықталса немесе олардың мөлшеріне қатысты сұрақтар туындаса, мәліметтерді салыстырып тексеру үшін жұмыс берушіге немесе бухгалтерияға жүгіну қажет. Жұмыс беруші әлеуметтік аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда жұмыскер олардың толық әрі уақтылы аударылуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беруге құқылы", - дейді сарапшылар.
Ал әлеуметтік төлемдерге қатысты кеңесті МӘСҚ филиалдарынан және 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.
