Мұнай бағасы экономикаға оң әсер етіп отыр – "ҚазМұнайГаз" басшысы
13:26 04.11.2026 (жаңартылды: 14:26 04.11.2026)

© AP Photo / Tony Gutierrez
Жазылу
Әлемдік нарықта мұнай бағасы күтпеген жерден соңғы бір айдағы ең төменгі деңгейге дейін түсті
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Мұнай бағасы Қазақстан экономикасына көмектесіп отыр. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Бір күн бұрын Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 8 қазаннан бері алғаш рет 102 доллардан төмендеді. 3 қараша күні кешке Brent маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері алдыңғы сауда сессиясының жабылу бағасымен салыстырғанда 3,09%-ға арзандап, барреліне 101,53 долларды құрады.
Ал WTI маркалы мұнайдың желтоқсан айындағы фьючерстері 2,33%-ға арзандап, барреліне 94,23 доллар болды.
"Әрине, мұнай бағасы бізге көмектесіп отыр, мұны жоққа шығармаймыз. Қазір мұнайды тасымалдау құны, яғни фрахт бағасы өсті. Мұнайдың бағасын ғана емес, оны теңіз арқылы жеткізу шығындарын да ескеру керек. Бүгінде логистика саласындағы компаниялар да "ҚазМұнайГаздан" кем табыс тауып отырған жоқ. Жалпы, біз осы шығындардың барлығын шегереміз. Яғни мұнайды сатқан кезде барлық шығын есепке алынады", – деді Хасенов.
Сондай-ақ ол "ҚазМұнайГаздың" мұнай қорына тоқталды. Қазіргі уақытта компанияның қоры 785 млн тоннаны құрайды.
"Ресурстық базаны толықтыру үшін қосымша барлау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қарапайым есеппен айтсақ, "ҚазМұнайГаздың" қоры 800 млн тонна, ал жылдық мұнай өндіру көлемі 26 млн тонна болса, есептеп көріңіздер, бұл шамамен 45 жылға жетеді. Бірақ бұл 45 жылдан кейін мұнай қоры таусылады деген сөз емес. Ресурстық база үнемі толықтырылып отырады. Біз ұңғымалар бұрғылап, анықталған қорларды бірден есепке аламыз", – деді Хасенов.
Сонымен қатар инвесторлар Таяу Шығыстағы ықтимал шиеленістің бәсеңдеуі мұнай жеткізіліміндегі іркілістер қаупін азайтуы мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ нарық АҚШ-тағы аралық сайлаудың түпкілікті нәтижелерін күтіп отыр.
