Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

© Sputnik / Абзал КалиевОсенние улицы Нур-Султана
Осенние улицы Нур-Султана  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.11.2026
Жазылу
Қараша айында Қазақстанда шекарадан өтуге қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Сондай-ақ киім-кешекті таңбалауға қойылатын талаптар өзгеріп, өнім сапасына қатысты жаңа стандарттар қолданыла бастайды
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Қараша айында қазақстандықтарды тағы бір саяси науқан күтіп тұр. Осы жолы мәслихат депутаттарын сайлаймыз. Шетелге жаңа әуе рейстері де ашылады. Сосын кейбір қазақстандықтар Еуропаға визасыз кіре алады. Ал шетелдіктер үшін Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі енгізіле бастайды. Sputnik Қазақстан қарашада болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Сайлау өтеді

Бүгін, 1 қарашада сағат 18:00-ге дейін мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат 2-27 қараша күндері жүргізілсе, 28 қараша – тыныштық күні деп белгіленіп отыр. Ал 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.
Бұған дейін Тоқаев осы саяси науқанды биылдан қалдырмаудың себебін түсіндірген. Президенттің айтуынша, депутаттардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланған болатын. Ал осы саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Демек, мәслихаттарда басым көпшілікке ие болған депутаттар қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Ондайда тағы сайлау өткізу керек.
Алдағы сайлауда 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған.
20 облыстық мәслихатқа 668 депутат;
38 қалалық мәслихатқа 626 депутат;
170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат.
Сайлау кезінде әрбір кандидатқа бюджеттен қаржы бөлінеді.
Теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.10.2026
Мәслихат сайлауы: кандидаттарға берілетін қаржының көлемі жарияланды

Шетелдіктерді Қазақстанға электронды рұқсатпен кіргізеді

1 қарашадан бастап QazETA электронды рұқсаттар жүйесі біртіндеп енгізіледі. Қазақстанға визасыз кіре алатын шетелдіктер электронды рұқсат алуы керек.
Әуелі бұл жүйе Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ шекарадағы "Өрлітөбе" (Павлодар облысы), "Ауқатты" (Жамбыл облысы), "Атамекен" (Түркістан облысы) мен "Нұрлы жол" (Жетісу облысы) өткізу бекеттерінде енгізіледі.
Рұқсаттарды елге кірерден кемінде 72 сағат бұрын, жеке басты сәйкестендіру немесе аутентификация рәсімінен өткеннен кейін, ресми QazETA мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Әзірше электронды рұқсат алу міндетті талап емес.
2027 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстанға кіретін барлық шетел азаматы QazETA рұқсатын алуы қажет. Ал 16 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан азаматтар электронды рұқсатсыз кіре алады.

Өзбекстанмен шекарада электронды кезекке тапсырыс беру тәртібі өзгереді

2026 жылғы 9 қарашадан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы үш өткізу бекетінде электронды кезекке брондау кезінде тасымалдаушылар 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге кепілдік жарнасын төлеуі тиіс.
Жаңа талап халықаралық жүк тасымалымен айналысатын және "Қазығұрт", "Б. Қонысбаев" және "Атамекен" өткізу бекеттері арқылы өтетін тасымалдаушыларға қатысты болады.
Электронды кезекке брондау үшін тасымалдаушының арнайы электронды шотында қажетті мөлшерде кепілдік жарнасы болуы тиіс. Көлікті өткізу бекетіне белгіленген уақытта келген жағдайда, қаражат тасымалдаушының шотына толық көлемде автоматты түрде қайтарылады.
Егер тасымалдаушы 90 күнтізбелік күн ішінде қатарынан екі рет брондалған уақытта өткізу бекетіне келмесе, кепілдік жарнасы қайтарылмайды және мемлекет бюджетінің кірісіне өндіріп алынады.

Еуропаға кім визасыз бара алады

Қазақстандықтар қызметтік паспортпен Бельгия, Нидерланд және Люксембургке визасыз бара алады. Бірақ шекті мерзім бар. Жарты жылдың ішінде визасыз 90 күннен артық жүруге болмайды.
Жаңа ереже қатардағы қазақстандықтарға тарамайды. Оларға бұрынғыдай шенген визасы қажет.

Токиоға тікелей рейстер

Air Astana "Алматы – Токио" бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдауға кіріседі. Алғашқы рейс 30 қарашада әуеге көтеріледі.
Рейстер аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен Нарита әуежайына қатынайды. Ұшақ салонында бизнес және эконом-класс қарастырылған.
Алматыдан Токиоға дейін ұшу уақыты – 7 сағат 30 минут, ал кері бағытта 9 сағат 25 минутты құрайды.

Киім-кешекті міндетті таңбалау енгізіледі

Киім-кешекті таңбалау ережелерінің негізгі талаптары 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл талаптар өндірушілерге, импорттаушыларға, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерге қатысты болады. Ережелер тауарды тіркеу мен таңбалау кодтарын алудан бастап, оның айналымы туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге енгізуге дейінгі барлық үдерісті реттейді.
Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады. Міндетті таңбалау табиғи және композициялық былғарыдан жасалған бұйымдарға, жасанды үлбірден тігілген киімдерге, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің жекелеген түрлеріне, шаңғы костюмдеріне, сондай-ақ төсек-орын жабдықтарына, дастарқанға, сүлгілерге және асүйге арналған тоқыма бұйымдарына қатысты болады.
Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурызда басталады. Бұл кезеңде сырт киімнің жекелеген түрлері, блузкалар, свитерлер, пуловерлер, кардигандар, жилеттер, ерлер жейделері, әйелдер блузалары, шәлілер, шарфтар, галстуктер және басқа да тауарлар міндетті таңбалауға енгізіледі.
2027 жылғы 1 қазаннан бастап таңбалау талабы ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің қосымша санаттарына да таралады. Олардың қатарына костюмдер, пиджактар, жакеттер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар, спорттық костюмдер және тоқыма жейделер кіреді.

Түйе сүті үшін жаңа стандарт

Қазақстанда түйе сүті бойынша ұлттық стандарт енгізіліп отыр. Осы құжатта пастеризацияланған түйе сүтінің сапасы мен қауіпсіздігі, оны сақтау, тасымалдау, қаптау мен таңбалауға қатысты бірыңғай талаптар қарастырылған.
Жаңа стандарт бүгіннен бастап күшіне енеді.

Зерендіде тарифтер төмендейді

Ақмола облысындағы Зеренді ауданында прокуратураның тексерісінен кейін жылу мен су тарифтері төмендетіледі. Себебі" Зеренда Сервис" кәсіпорны тарифтік сметасын негізсіз көтерген.
Қарашадан бастап Гранитный кентінде жылу тарифі 72,07 пайызға төмендеп, бір гигакалорияның бағасы 4 014,6 теңгеден 1 121,22 теңгеге дейін азаяды. Ал Зеренді ауылында жылу құны 20,07 пайызға арзандап, 7 915,48 теңгеден 6 326,64 теңгеге түседі.
Сонымен қатар ауызсу тарифі 8,22 пайызға төмендейді. Бұған дейін тұрғындар бір текше метр су үшін 254,97 теңге төлесе, енді оның құны 234 теңге болады.

Таразда жаңа тарифтер енгізіледі

1 қарашадан бастап Таразда жылуға жаңа тарифтер бекітілген.
Тұрғындарға арналған тарифтер:
есептеу аспабы барға 1 Гкал жылу энергиясы үшін 5675,33 теңге ҚҚС-сыз;
есептеу аспабы жоққа1 Гкал жылу энергиясы үшін 1 шаршы метр жылыту алаңы үшін 186,19 теңге ҚҚС-сыз.
Есептеу аспаптары жоқ тозған үйлердегі тұрғындарға 1 шаршы метр жылыту алаңы үшін 155,17 теңге ҚҚС-сыз;
1 адамға ыстық су үшін 1092,70 теңге ҚҚС-сыз;
1м3 ыстық сумен жабдықтау үшін 342,32 теңге ҚҚС-сыз.

Оқушылар мектепке оралады

2 қарашада оқушылар күзгі каникулдан шығады.
Екінші тоқсан да сегіз оқу аптасына созылады. Қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасып, 14 күнге созылады.
Келесі каникулдар 28 желтоқсанда басталады. Ал бірінші сынып оқушылары 8-14 ақпан аралығында қосымша жеті күндік демалыс алады.

Кәсіби мерекелер

Қараша айында бірнеше кәсіби мереке аталып өтеді. Олар:
5 қараша – Сыртқы барлау күні;
8 қараша – Статистика күні;
10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні;
15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні, Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі;
қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні;
қарашаның үшінші сенбісі – Бұрғылаушы күні.
Заң бойынша кәсіби мереке кезінде демалыс берілмейді. Ол үшін мемлекеттік немесе ұлттық мейрам болуы қажет. Қараша айында ондай мейрамдар жоқ. Сондықтан бес күндік жұмыс аптасы бойынша тек сенбі және жексенбі күндері демалыс болады.
Жаңалықтар
0