Шымкентте жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын құжаттарға қол қойылды

© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Жазылу
KGIR-2026 алаңына сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) іс-шарасына қатысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты.
Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасының құрылысы, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы China Energy компаниясының жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты және Alatau City жобалары бар.
Сондай-ақ Шымкентте орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына ерекше назар аударылды.
"Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, 300 млрд доллардан асты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Тек соңғы бес жылда 100 млрд доллардан астам инвестиция салынды", – делінген хабарламада.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанның алға нық қадам басуына барлық негіз бар.
"Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту аса маңызды", – деп атап өтті ол.
Премьер-министр инвесторларды Екібастұз қаласында "ДӨО алқабын" құру, жоғары технологиялы Alatau City қаласын салу және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын басқа да ауқымды жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Оның айтуынша, Қазақстанда инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығында экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі ұсынылады. Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. "Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында ағылшын құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігі бар. Сонымен қатар инвесторлардың құқықтарын Бас прокуратура деңгейінде қорғау тетіктері жұмыс істейді, ал инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтингтермен де расталады. Жетекші рейтингтік агенттіктер елдің инвестициялық деңгейін сақтап отыр. S&P агенттігі соңғы онжылдықта алғаш рет Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен "BBB" деңгейіне дейін көтерді. Ал Global Investment Risk and Resilience Index рейтингінде Қазақстан 17 сатыға жоғарылап, 53-орынға ие болды.
KGIR-2026 аясында 4,8 млрд доллардың 22 құжатына қол қойылды
Шымкентте өткен KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы 4,8 млрд доллар болатын 22 құжатқа қол қойылды.
Олардың қатарында мынадай инвестициялық келісімдер бар:
Қостанай облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 000 МВт жел электр стансасын салу туралы 730 млн долларлық келісім. Құжатқа ҚР Энергетика министрлігі мен "Turan Wind Energy" ЖШС қол қойды.
Қазақстанның автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін (АЖИБЖ) құру туралы 249,6 млн долларлық келісім. Тараптар – ҚР Көлік министрлігі мен "Freedom Lab" ЖШС.
Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт салу туралы 150 млн долларлық келісім. Құжат ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы арасында жасалды.
Сондай-ақ бірқатар меморандумға қол қойылды:
1 млрд доллар инвестиция тарта отырып, 20 өңірлік инклюзивті мектептен тұратын желі салу жобасын іске асыру туралы. Тараптар – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен "DSKZ & KAMC" ЖШС.
Құрық порты дамуының бірінші кезеңі аясында 1 млрд долларға көпфункционалды терминал салу туралы. Құжатқа "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ мен Guoyou Materials Group Co., Ltd. қол қойды.
"Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы" инвестициялық жобасын 650 млн долларға іске асыру туралы. Тараптар – "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ мен Shoval Kazakhstan Ltd.
ДӨО алқабы аумағында қуаты 250 МВт болатын дата-орталық салу туралы 500 млн долларлық меморандум. Құжат ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Amsa Digital компаниясы арасында жасалды.
111,1 млн долларға ет кластерін құру туралы. Тараптар – Түркістан облысының әкімдігі мен "Nurym Group" ЖШС.
Астанада британдық білім беру моделі бойынша жатақханасы бар университет кампусын салу және пайдалану туралы 40,8 млн долларлық меморандум. Құжат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында жасалды.
8,8 млн долларға полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы. Тараптар – Қызылорда облысының әкімдігі мен Apex Packaging компаниясы.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының әкімдігі мен "KOKSAN" ЖШС арасында 74,3 млн долларға ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.