Автокөліктерді заңсыз әкелуге қарсы шаралар күшейтілді

© Photo : Pixabay / Pexels Мужчина за рулем
Мужчина за рулем  - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2026
Жазылу
Жаңа талаптар көлеңкелі импортты азайтып, бюджетке түсетін кедендік төлемдерді арттыруға бағытталған
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Қазақстанда 2026 жылы автокөліктердің көлеңкелі импортына қарсы бақылау күшейтілді, деп хабарлады Ranking.kz.
Жаңа талаптар жеке тұлғалардың көлік импорттауына, құжаттарды рәсімдеуге және міндетті төлемдерді төлеуге қатысты. Кейбір өзгерістер күшіне енсе, бірқатары әлі әзірленіп жатыр.

"22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар автокөлікті еркін айналымға шығармас бұрын кәдеге жарату алымының төленгені туралы сертификат алуға тиіс. Сондай-ақ электронды көлік паспорты шыққанына бес жылдан аспаған автокөліктерге рәсімделеді", - деп жазды портал.

Жеке тұлға үшінші елден әкелген автокөлікке қауіпсіздік сертификатын жылына бір рет қана рәсімдей алады. Сондай-ақ көліктердің экологиялық класын Еуро-4-тен Еуро-5-ке көтеру секілді қосымша талаптар әзірленбек.
2025 жылы Қазақстанға 236,9 мың жеңіл автокөлік импортталды. Оның 163,8 мыңы Қытайдан жеткізілген. Осылайша, Қытайдың жалпы импорттағы үлесі 69,2%-ға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 46,9%, ал 2023 жылы 34,6% болған.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытайдың ресми статистикасында айырмашылық байқалады. Қытай деректері бойынша, 2025 жылы Қазақстанға 187 мың жеңіл автокөлік экспортталған, ал Қазақстан 163,8 мың көлік импортталғанын көрсеткен. Айырмашылық – 23,2 мың автомобиль. Ақшалай есепте Қытай 2,9 млрд долларлық экспортты көрсетсе, Қазақстан 1,4 млрд долларлық импортты тіркеген.
Алайда бұл айырмашылықты көлеңкелі импорттың немесе бюджет шығынының нақты көлемі деп бағалауға болмайды. Статистикалық алшақтық есеп жүргізу әдістеріне де байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдай көліктердің кедендік құнын дұрыс есептеп, тиісті төлемдердің толық түсуін қадағалау қажеттігін көрсетеді.
Жалпы, Қазақстандағы жаңа талаптар көліктерді жеке мақсатта және коммерциялық жолмен әкелудің аражігін нақтылап, кедендік рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Астана - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.09.2026
Қазақстанда бір айда қанша автокөлік тіркелді
Жаңалықтар
0