"Жалғызым еді": Абай облысында қызды қатыгездікпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

© Sputnik / Табылды Кадырбеков / Медиабанкке өтуАрхивное фото заключенного
Архивное фото заключенного - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2026
Жазылу
Оқиға болған күні қыз бен жігіттің арасында жанжал шыққан
АЛМАТЫ, 13 қазан – Sputnik. Абай облысының Бородулиха ауылында Дильназ Жұмағұлованы қатыгездікпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Марқұмның ата-анасы оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Екеуі дос болған

Марқұмның анасы Динара Атаеваның айтуынша, қызы былтыр бұл жігітпен үш айдай сөйлесіп жүріп, кейін екі жаққа кеткен. Олардың қарым-қатынасы туралы қыздың анасы білген.
"Қызыммен бір сыныпта оқыған. Анасы хатшы, әкесі төтенше жағдайлар саласында қызмет етеді. Қызым онымен араласып жүргенде ешқандай жаман ойым болмады. Қызымды өлтірген жігіттің анасы – менің сыныптасым. Өзім көрген, танитын адамдарым", – дейді Динара Атаева.

Бір сағат бойы жанжалдасқан

Биыл екеуі қайта араласып, қарым-қатынасын жалғастырған. Оқиға болған күні қыз бен жігіттің арасында жанжал туындап, олар бір сағаттай сөзге келген.
"Екеуі түнгі сағат 12-ден кейін кездескен. Ұрсысып, ренжіскен. Қызым кетіп бара жатқанда оның басынан екі рет қатты ұрып, 12 рет пышақтаған. Мен ол адамнан мұндайды күтпеппін. Бірақ екеуінің қайта араласа бастағанын естігенде таңғалдым", – дейді Динара Атаева.

"Аналар, ешкімге сенбеңіздер"

Марқұмның анасы қыз тәрбиелеп отырған әйелдерге ешкімге сенбеуге кеңес береді.
"Ең жақын деген адамға да сене беруге болмайды. Қызыңыз кіммен араласады, ортасы қандай, кіммен сөйлесіп жүр – бәрін мұқият қадағалап отырыңыздар. Өзімнің сыныптасымның ұлынан қызым ажал құшады деп еш ойламаппын", – дейді Динара.

Іс бір ғана бап бойынша тергелген

Дильназ отбасындағы жалғыз бала болған. Марқұмның ата-анасы қылмыстық істі екі бап бойынша саралауды сұраған.
"Біз Қылмыстық кодекстің 99-бабы 5-бөлігін де қосуды талап еттік. Бірақ іс 99-бап бойынша қозғалды. Қызымды аса қатыгездікпен өлтірді. Бірақ ол бап бойынша іс қозғалмады", – дейді анасы.

Сот қандай үкім шығарды?

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Қылмыс биыл 13 шілдеге қараған түні болған.
"Сотталушы қызға қасақана жиналмалы пышақпен мойын тұсынан соққы жасап, сол жақ ұйқы артериясын зақымдаған. Бұдан әрі өлтіруге бағытталған қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында оның өмірлік маңызды дене мүшелеріне пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Алған дене жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған", – деп хабарлады Абай облыстық соты.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
Сот үкімімен ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталған азаматтан жәбірленушілердің пайдасына 20 млн теңге моральдық зиян өтемақысы, 1 169 600 теңге материалдық залал және өкілдік қызметтерге жұмсалған 500 мың теңге өндірілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ақтөбеде 35 жастағы әйел танысының қолынан ажал құшты - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2026
Видео
Ақтөбеде ер адам 35 жастағы әйелді пышақтап өлтірді - видео
Жаңалықтар
0