"Баламды көлік қақты": Алматы облысында тұрғындар жол сапасы мен жарықтың жоқтығына наразы
11:03 13.10.2026 (жаңартылды: 12:18 13.10.2026)

© Photo : Талғар ауданы Жібек жолы ауылы
Жазылу
Ауылға қоныстанғандарына 15 жыл болған тұрғындар жол мен электр жарығының мәселесін шешіп беруді сұрайды
АСТАНА, 13 қазан - Sputnik. Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты Жібек жолы ауылының тұрғындары жол мен жарықтың жоқтығына наразы.
15 жыл бойы осы проблема деп назын айтқан тұрғындардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.
Жібек жолы ауылындағы Жамбыл көшесіне тұрғындардың қоныстанғанына 15 жыл. Жолды өздері салып, суды өздері шығарып, әупірімдеп өмір сүріп келеді.

Талғар ауданы Жібек жолы ауылы
© Sputnik . Айдана Дайырова
"Бізде бірінші мәселе жол, екінші мәселе жарық, үшінші мәселе су, төртінші 1 шақырым жол бойында тұратын оқушылар мәселесі. Жолдан адам өтетін жолақ, тротуар жоқ. Жолда балалаларды машина қаққан оқиғалар да болды" - дейді ауыл тұрғындары.
Әкімдікке барып, қол жинап өтініш жазып, тіпті е-өтінішпен құзырлы органдарға да жаздық дейді тұрғындар. Бірақ ешкім олардың өтінішіне құлақ аспаған.
"Еш өзгеріс жоқ. Көпірдің жанында адам жүретін тротуар жоқ. Қысы-жазы жолдың шетін жағалап жүреміз. Әкімдік облыстық трассаға жатады, Е-өтініш арқылы сұраңыздар деді. Жаздық, жауап жоқ. Сосын жолдың ар шетіне өтетін жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Облыстық полиция департаментіне өтініш жаздық, жауап жоқ" - дейді тұрғындар.
Сөзімізді ешкім тыңдамайды деген тұрғындар журналистерден көмек сұрауға мәжбүр.
"2024 жылы 22 мамырда баламды сол жерде көлік қағып, біраз жерге сүйреп кеткен. Содан бері жолда жасанды жол кедергісі мен адам өтетін жолақ жасап беріңдер деп қанша шырылдадық. Ешкім құлақ аспады", - дейді Сағындық Байзақов.

Талғар ауданы Жібек жолы ауылы
© Sputnik . Айдана Дайырова
Тұрғындар өздері ақша жинап, техника жалдап жолдарын жамаған. Бұдан бөлек бұл көшенің электр бағандары да құлағалы тұр.
"Электр желілерін жалғап-жалғап күн көріп келеміз. Салық, коммуналдық қызмет бәрін төлейміз. Бірақ электр жарығы істемей қалғанда мамандар келіп жасап бермейді. Өздерің жасаған электр жарығы, қызмет көрсетпейміз дейді. Біз жарыққа ақша төлеп отырмыз ғой, онда заңдастырып жасасын бәрін", - дейді тұрғындар.
Тұрғындар электр бағандар құлап, адамды басып қала ма деп қорқады.
Тұрғындар электр бағандар құлап, адамды басып қала ма деп қорқады.
"Жақында тұрғызылған ауылдарға жарық пен су, жол бәрі салынды. Біз шырылдап жүргелі 15 жыл. Жауын жауса жолда жүру мүмкін емес, балалардың аяқ киімінен сау-тамтық жоқ. Әкімнің кім екенін білмейміз, көрмедік те. Орынбасарын ғана көреміз", - дейді Жібек Жолы ауылының тұрғындары.
Балалар жүретін жолда ауыр жүк көліктері де құйындатып өтеді, 40 деген белгі жоқ.
"Арбада отырған анам бар. Көшеге серуендеп шығарайын десем мүмкіндік жоқ. Жолдан жүре алмаймыз. Мүгедек тұрмақ сау адам жүре алмайды мына жолдан", - дейді Сабира Байырбекова.
"Арбада отырған анам бар. Көшеге серуендеп шығарайын десем мүмкіндік жоқ. Жолдан жүре алмаймыз. Мүгедек тұрмақ сау адам жүре алмайды мына жолдан", - дейді Сабира Байырбекова.
Адам шығыны болса ғана проблема шешіледі ме деген тұрғындар әбден ашынған.
"Жолымызға асфальт сұрап отырған жоқпыз. Көпір жанынан тротуар жасап берсін, столбалар қойып жарық түсіріп берсе, жолдан өтетін жолақ орнатып берсе. Біз өзіміз-ақ жасар ек. Ол туралы айтқанымызда айыппұл салынады, болмайды деді", - дейді Жібек жолы ауылының тұрғындары.
Тұрғындар тротуар сұрап отырған жер көпірдің маңы. Бір шеті темір қоршау бір шеті ағылған көлік. Адам жүретін жол небәрі жарты метр. Күніне дүкенге, мектепке қатынау өте қауіпті. Құйындатқан көлік бала тұрмақ, өзімізді іліп кете жаздайды дейді Жамбыл көшесінің тұрғындары.
Мәселені Sputnik Қазақстан тілшісі құзырлы органдардан сұрап білді. Қисайған бағандар бойынша мәселе шешіледі дейді ауылдық әкімдік.
"Қызыл ту ауылының электр желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленуде. Жобалаушы ұйым - "Redline Pro" ЖШС. Жоба бойынша, қаттылық көбейеді, қосымша тағы 9 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Электр беру желісінің ұзындығы: 0,4квт - 24521 метр. 10 квт - 1746 метр болады. 991 электр бағандары қойылады. Жоба жасалғаннан кейін электр желілерін жөндеуге қаржы үшін бюджеттік өтінім беріледі", - дейді Қызыл ту ауылының әкімдігі.
Ал су мәселесі біртіндеп жасалып жатқан көрінеді.
"Жібек жолы ауылының су құбырларының жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жасалып жатыр. Жоба құны 34,2 млн теңге. Су құбырлары жасалған соң, асфальт мәселесі де шешіледі", - дейді әкімдік.
Бірақ бұл нақты Жамбыл көшесіне қатысты ма, жоқ па ол жағы белгісіз.
Ал жолдағы жаяу жүргінші мен жасанды жол кедергісі туралы облыстық полиция департаментінен сұрадық. Айтуларынша, бұл ауылға жақында ғана барлық белгілер орнатылған. Тұрғындардың өтініші тексеріліп, жаяу жүргінші жолағы мен жасанды жол кедергісі салынады.
Ал облыстық автожол басқармасы қазіргі уақыттың өзінде ауыл маңындағы жолдар жасалып жатқанын айтады. Жамбыл көшесі тұрғындары сұраған тротуар мәселесі де шешіледі, дейді олар.
Sputnik Қазақстан құзырлы органдардың берген уәдесін назарда ұстайтын болады.
Бірақ бұл нақты Жамбыл көшесіне қатысты ма, жоқ па ол жағы белгісіз.
Ал жолдағы жаяу жүргінші мен жасанды жол кедергісі туралы облыстық полиция департаментінен сұрадық. Айтуларынша, бұл ауылға жақында ғана барлық белгілер орнатылған. Тұрғындардың өтініші тексеріліп, жаяу жүргінші жолағы мен жасанды жол кедергісі салынады.
Ал облыстық автожол басқармасы қазіргі уақыттың өзінде ауыл маңындағы жолдар жасалып жатқанын айтады. Жамбыл көшесі тұрғындары сұраған тротуар мәселесі де шешіледі, дейді олар.
Sputnik Қазақстан құзырлы органдардың берген уәдесін назарда ұстайтын болады.

