Қазақстанда кезектен тыс мәслихаттар сайлауы өтеді – дауыс беру тәртібі

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Қазақстанда жылдың соңына дейін кезектен тыс мәслихат депутаттарының сайлауы өтуі мүмкін. Себебі олардың көбісі кезінде "Amanat" партиясының атынан сайланған. Бұл партия "Әділетке" қосылғаннан кейін өз қызметін тоқтатты. Бірақ заңнамалық рәсімдер әлі аяқталған жоқ. Ал осы рәсімдер біткеннен кейін бұрынғы аманаттықтар жаңа партияға өтіп кетсе, мәслихатқа қайтадан сайлануы керек. Sputnik Қазақстан сайлауды өткізудің негізгі талаптарын ұсынады.
Мәслихаттар не істейді
Конституция бойынша мәслихат депутаттары жергілікті халықтың ерік-мүддесін білдіріп, соны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды.
Депутаттың өкілеттіліктері:
аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;
заңға сәйкес азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Сондай-ақ, президент облыс пен республикалық маңызы бар қала əкімдерін мəслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Депутаттыққа үміткерлер қалай ұсынылады
Заңға сәйкес, мәслихат депутаттарының сайлауы аралас жүйе бойынша өтеді. Бұл дегенеміз, үміткерлерді саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну құқығы да бар. Барлық талапқа сай үміткер өз кандитарурасын шығара береді.
Сайлауға түсу үшін тиісті округтік сайлау комиссиясына өтініш беру керек. Ал кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанда екі-ақ үміткер ғана болса, сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін 20 күннен аспайтын мерзімге ұзартады.
Үміткерлерді тіркеу тәртібі
Партиялық тізімдер мен өзін-өзін ұсынған кандидаттарды аумақтық сайлау комиссиясы тіркейді. Одан кейін әрбір кандидат үшін жарна төленуі шарт. Оның көлемі – 425 000 теңге.
Бұған дейін мәслихат сайлауына қатысқан және дауыстың белгілі бір бөлігін жинағандар жарнадан босатылады немесе жеңілдік алады.
5 процент дауыс – 0 теңге;
3-5 процент дауыс – 212 500 теңге;
1-3 процент дауыс – 297 500 теңге.
Сайлаудан кейін мәслихатқа өткен депутаттардың жарнасы қайтарылады.
Кандидатқа қажетті құжаттар
Саяси партия алдымен ұйымды тiркеу туралы құжаттың көшiрмесiн, сондай-ақ, партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме ұсынады. Кандидаттың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiм беру туралы өтiнiшi де болуы шарт.
Негізгі құжаттар:
сайлауға түсу ниеті туралы өтініш;
кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
үміткер мен оның зайыбының табыс декларациясын тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.
Партиялық тізімде әйелдер мен жастардың саны кем дегенде отыз пайызды құрауға тиіс. Тізім аумақтық сайлау комиссиясына бес күннің ішінде жіберіледі. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәлік беріледі. Ал комиссия жеті күнніңн ішінде барлық үміткердің аты-жөнін жариялайды.
Партиялық тізімнен шығару себептері
Сайлауға қатысуға ниет білдірген және партиялық тізімге кірген кандидатты сайлаудан шеттетуі мүмкін. Негізгі себептер:
кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеуі;
табыс декларациясындағы мәліметтердің дұрыс еместігі;
сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайды пайдалану;
сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізу;
сайлаушыларды сатып алу фактілері.
Саяси партия сотқа шағым түсіре алады. Соттың шешімі түпкілікті болып табылады.
Бірақ сайлауға екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды шығаруға болмайды.
Бірақ сайлауға екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды шығаруға болмайды.
Дауыс қалай саналады
Сайлау нәтижесі бес күннің ішінде жариялануы шарт.
"Егер сайлау бюллетенiне мәслихат депутаттығына екеуден көп кандидат енгiзiлген болса және олардың бiрде-бiрi сайланбаса, округтiк сайлау комиссиясы ең көп дауыс санын алған екi кандидат бойынша депутатты сайлау жөніндегі қайта дауыс беруді тағайындайды. Егер кандидатуралардың шығып қалуы нәтижесiнде бiр кандидат қалса, онда оның кандидатурасы бойынша қайта дауыс беру өткiзiлмейді және ол сайланды деп есептеледі", - делінген заңда.
Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беруді қайта өткізе алады.
Сайлауда бірнеше бюллетень болады
2023 жылғы мәслихат сайлауында үш бюллетень болған. Біреуінде партиялық тізімдер таңдалса, екіншісінде өзі-өзі ұсынған кандидатарға дауыс берілген болатын.
Ал облыс тұрғындарына үшінші бюллетень таратылды. Себебі ол жерде облыстық мәслихаттан бөлек қалалық және аудандық мәслихаттар бар.
Ал облыс тұрғындарына үшінші бюллетень таратылды. Себебі ол жерде облыстық мәслихаттан бөлек қалалық және аудандық мәслихаттар бар.
Мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы бес жылға сайланады.
Сайлау қашан өтеді
Бұған дейін Тоқаев мәслихат депутаттарының сайлауын не үшін өткізу қажеттігін түсіндірген.
"Депутаттардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды", - деді Тоқаев Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.
Президент премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жайында кеңесіп, тиісті жарлыққа қол қояды. Ал мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей сайлауы өткiзiлуге тиiс.
Сайлау өтетін күнді Орталық сайлау комиссиясы жариялауы керек.
