Экологиясы нашар елдердің тізімі жарияланды: Қазақстан нешінші орында

© Sputnik / Владислав ВодневВиды Астаны с высоты
Виды Астаны с высоты - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2026
Жазылу
Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен болғанымен, елдегі жағдай бір жылда айтарлықтай нашарлаған
АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Қазақстан 2025 жылы ауаның ұсақ дисперсті бөлшектермен ластануы бойынша әлемдегі ең қолайсыз көрсеткішке ие 30 елдің қатарына кірді. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.
IQ Air халықаралық ұйымының рейтингі бойынша Қазақстан 29-орынға жайғасты.
Әлемде ауа ең көп Пәкістанда ластанған. Елдегі PM2.5 концентрациясы текше метріне 67,3 мкг болды. Одан кейінгі орындарда:
Бангладеш – 66,1 мкг/м³,
Тәжікстан – 57,3 мкг/м³,
Чад – 53,6 мкг/м³,
Конго Демократиялық Республикасы – 50,2 мкг/м³ көрсеткішімен тұр.
"Қазақстанда PM2.5 концентрациясы 23,4 мкг/м³ болды. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 5 мкг/м³ деңгейінен шамамен 4,7 есе жоғары", - деп жазды портал.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен болғанымен, елдегі жағдай бір жылда айтарлықтай нашарлаған.
IQ Air дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда PM2.5 деңгейі 55%-ға өсіп, 2024 жылғы 15,1 мкг/м³-ден 23,4 мкг/м³-ге жеткен. Қазақстан 2021 жылдан бері бұл көрсеткішті біртіндеп төмендетіп келген еді.
Елдегі ең күрделі жағдай ірі өнеркәсіптік қалаларда байқалады. Қарағандыда PM2.5 концентрациясы 2024 жылғы 104,8 мкг/м³-ден өткен жылы 72,6 мкг/м³-ге төмендегенімен, бұл әлі де өте жоғары деңгей. Алматы, Астана, Өскемен және Теміртауда да ауадағы ластаушы заттар мөлшері ДДҰ нормасынан бірнеше есе асып отыр.
Орталық Азияда Қазақстаннан жоғары көрсеткіштер Өзбекстан мен Тәжікстанда тіркелді. Өзбекстанда PM2.5 концентрациясы 38,1 мкг/м³, Тәжікстанда 57,3 мкг/м³ болды. Қырғызстан 19-орында тұр. Түрікменстан бойынша дерек жарияланбаған.
Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық Азиядағы ауа ластануынан болатын экономикалық шығын өңірдің ЖІӨ-сінің 3-5%-ына жететінін айтады. Негізгі ластау көздері – көлік, көмір жағу және өнеркәсіптік шығарындылар.
Сарапшылар Алматы мен Астанада көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ларды газға ауыстыруды, шығарындылар талаптарын күшейтуді, жеке секторды газға көшіруді және ауыр жүк көліктерінің транзитін қалаларды айналып өтетін бағыттарға бұруды ұсынады.
 Ерлан Нысанбаев Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барды - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2026
Атырау мұнай өңдеу зауытының зиянды шығарындылары 22%-ға азайды – Экология министрлігі
Жаңалықтар
0